100 мыңнан астам азамат зейнетақы мен жәрдемақыдан айырылуы мүмкін

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік кодекске енгізілетін түзетулер пакетін әзірледі. Бұл түзетулер зейнетақы мен жәрдемақыларды есептеу ережесін қатаңдатуды көздейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Заң жобасының басты мақсаты – Қазақстанда тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға, яғни Қазақстанда тұрмайтын адамдарға төлемдерді тоқтату. Ведомство мәліметінше, елде мұндай 100 мыңнан астам азамат бар. Тексеру автоматты түрде деректер базалары арқылы жүргізіледі. Қарастырылып жатқан заңнама бойынша әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында немесе қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тұратындарға зейнетақы мен жәрдемақылар төленбейді. Көмек тағайындауда тек отбасының кірісі емес, шығындары, несиелері, депозиттері мен мүліктері де ескерілетін болады. 

Сонымен қатар, ведомство декреттік төлемдерді шектеп, жұмыссыздарға берілетін жәрдемақыларға бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр. Бұл шаралар әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын кемінде 2032 жылға дейін қамтамасыз етуге бағытталған.

Заң жобасын 2025 жылдың желтоқсанында қабылдау жоспарланған.

КОНТЕКСТ

2026 жылы зейнетақы мен жәрдемақы көлемі 10,5%-ға өседі. Осы мақсатта бюджеттен 6,8 трлн теңге бөлінеді. Бұл – 2025 жылмен салыстырғанда 860,5 млрд теңгеге артық. Қазақстанда бүгінде 2,6 миллионнан астам зейнеткер бар. 2,3 миллионға жуық азамат жәрдемақы алады.

Динара Жарқынбек