Астанада салтанатты түрде Орталық Азиядағы алғашқы Cardiff University британдық университетінің филиалы ашылды. Қызыл кілем, киіз үй және дрондармен өткен рәсім білім беру мекемесінің ашылуынан гөрі шоуға көбірек ұқсап кетті. Лентаны бірден үш министр қиды – ғылым және жоғары білім, ағарту және цифрлық даму министрлері.
Өз отанында, Ұлыбританияда, Кардифф университеті қиын кезеңді бастан өткеруде. 2023–2024 жылдардың қорытындысы бойынша бюджет тапшылығы 31,2 млн фунт болған, ал 2024–2025 жылдарға болжамды тапшылық шамамен 65 млн фунт болады деп күтілуде. Жауап ретінде басшылық шамамен 400 академиялық мөлшерлемені, штаттың 7%-ын қысқарту және бірнеше бағытты жабу жоспарын жариялады. Соңғы уақытта қысқарту саны 138-ге дейін азайды – қызметкерлердің бір бөлігі өз еркімен кеткен. Университет әкімшілігі қатаң шараларды шетелдік студенттер ағынының азаюымен және шығындардың өсуімен түсіндірді. Ақпанда британдық депутат Наташа Асгар бұл жоспарларды «ұлттық масқара» деп атады. Соған қарамастан университет экспансиядан бас тартқан жоқ және енді өзінің брендін қазақстандық нарыққа шығарып отыр.
Британдық ЖОО үшін Қазақстанда ең қолайлы жағдай жасалды. Жер учаскесі тегін берілді – Астанадағы ипподромнан кейінгі аумақта. Ғимаратты 2028 жылға қарай елордалық кәсіпкерлер тобы құрған Qualified Centre of Education қоры салып береді. Қазір филиал Сығанақ көшесіндегі жаңа корпустың бірінде жұмыс істеп тұр.
Ulysmedia-ға берген сұқбатында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Cardiff University-мен ынтымақтастық Қазақстан үшін мүмкіндік екенін атап өтті. Ол АҚШ, Ұлыбритания және басқа елдердің көші-қон саясаты мен визалық режимді қатаңдатқанын, осының салдарынан көптеген талапкерлердің шетелдік университеттерге түсе алмайтынын түсіндірді. Ал университеттердің өздері, соның ішінде Кардифф те, маңызды табыс көзінен айырылып отыр.
– Бұл біз үшін жақсы мүмкіндік болды, – деді министр.
Оның пікірінше, бұл – әлемдік деңгейдегі мықты университет, ол үздік 200 рейтингтің қатарына кіреді және Қазақстанда сұранысқа ие бағыттарды ұсынады: медицина, биомедицина, химия және компьютерлік инженерия. Нұрбектің айтуынша, бүгінгі таңда филиалда 315 қазақстандық азамат оқиды, басқа дерек бойынша – жаңа кампус қызметкерінің айтуынша – 350.
Ұлыбританиядан қысқартылған оқытушылардың жұмыс орнына айналады деген күдікті министр жоққа шығарды және Астанаға мықты мамандар келгенін, мысалы, жасанды интеллект саласындағы жетекші сарапшылардың бірі жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
«Бір теңге де жұмсалмаған» университет қалай ашылды
Филиалдың ашылуы Қазақстанға қаншаға түскенін сұрағанда, Нұрбек «бюджеттен ақша бөлінген жоқ» деп жауап берді. Бірақ артынша филиалда 300 студент мемлекеттік грант есебінен оқитынын айтты. Бір студенттің оқу құны – жылына 15 мың доллар. Ұлыбританияда бұл екі есе қымбатқа түсер еді. Алайда қарапайым арифметика бойынша, биылғы оқу жылына бюджеттен 4,5 млн доллар немесе 2,43 млрд теңге жұмсалмақ.
– Қаржылық модель тұрақты болуы үшін және алғашқы бірнеше жылда, шамамен бес жылда, бұл кампус аяққа тұрып кетуі үшін біз шектеулі мөлшерде стипендия бөлеміз, – деп сабырға шақырды министр.
Қайда пайда?
Ұлыбритания үшін Астанадағы филиал – бюджет тапшылығын аздап болса да жабу және халықаралық ықпалын сақтап қалу тәсілі. Қазақстан үшін – әйтпесе шетелге оқуға кететін жастардың бір бөлігін ұстап қалуға көмектесетін беделді жоба.
Филиал дәлізінде біз сондай студенттердің бірін кездестірдік – астаналық бірінші курс студенті, аты-жөнін айтқысы келмеді, Computer Science мамандығына түскен. Оның ҰБТ нәтижесі – 107 балл, IELTS – 6,5. Студенттің айтуынша, оған Австрия мен Гонконгтан ұсыныстар түскен, бірақ ол Астанада қалған. Неліктен дәл осы оқуды таңдағанын түсіндіре алмады.
– Шетелдік білім алғым келді, бірақ ақыр соңында осында қалдым. Шынымды айтсам, әлі толық білмеймін, мүмкін тағы да шетелге кететін шығармын, – деді ол.
Cardiff University президенті және вице-канцлері Венди Ларнер ашылу рәсімінде бұл университеттің Russell Group (Ұлыбританияның 24 жетекші университетінен құралған элиталық бірлестік) құрамынан Қазақстанда кампус ашқан алғашқы оқу орны екенін және бұл жаһандық мақсаттарды жүзеге асырудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Алайда «жаһандық амбициялар» туралы айқын сөздердің тасасында қарапайым арифметика тұр: жыл сайын Қазақстан бюджетінің миллиондаған долларлары өз елінде қаржылық қиындық көріп отырған шетелдік университетті қолдауға жұмсалады. Бұл туралы Ulysmedia.kz ақпан айында, британдық университеттің амбициясын Астанада жүзеге асыруға шешім қабылданғаны алғаш белгілі болғанда-ақ ойланған еді.
Автор: Светлана Глушкова