Латвиялық миллионер 300 мың қазақстандықты алдап кеткен

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Латвиялық миллионер 327 мың қазақстандықты алдап кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің хабарлауынша, Қазақстанда бірқатар микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) қатысты тергеу аяқталды. Іс сотқа жолданды. Тергеу деректеріне сәйкес, компаниялар клиенттерге қарызды ұзарту қызметін күштеп ұсынған. Осылайша, 300 мыңнан астам қазақстандық шамамен 70 млрд теңге артық төлеген.

– Ірі іс Алматыда болды, біз оны сотқа жолдадық. Бұл Литва азаматына қатысты. Ол жерде жәбірленушілер саны – 327 мың азамат. Олардың шамамен 70 млрд теңгесі заңсыз алынған. Оларды кепілдік шарттарын көрсетіп, адастырған. Келісімшарттарды кепілдік арқылы ұзартқан, ақша өндіріп отырған, – деді Елемесов.

АЛАЯҚТЫҚ СХЕМАСЫ

Әңгіме, Айгарс Кесенфелдске қатысты. rebaltica.lv басылымының мәліметінше, Қазақстанда Кесенфелдспен Keke, Tengo (Tengo.kz, Kөке.kz) және ішінара Mogo компаниялары байланысты болған. Олар 150 мың теңге көлемінде микрокредиттерді жылдық 819,12%-ға дейін жететін жоғары пайызбен берген.

Заңға сәйкес, үш айдан астам мерзімге кешіктірілген жағдайда пайыз есептеу тоқтауы тиіс еді. Сол кезде «қолманды» кредиторлар жаңа сызбаны ойлап тапқан: қарыз алушыларға екі нұсқа ұсынылған – не қарызды толық жабу, не 37,5 мың теңгеге «кепілдік» рәсімдеп, төлемді шегеру. Кейбір қазақстандықтар төлемді кейінге қалдыруды 10–15 рет рәсімдеген.