Талғардағы қанды оқиға: жәбірленуші тарап сұхбат берді

Динара Жарқынбек
instagram/advokat_saryyeva

Алматы облысында болған сұмдық қылмыс елді дүр сілкіндірді. «Бір ай бойы жас қызды қорқытып, бопсалады» деген күдікті кеше, 6 қыркүйекте жәбірленушінің ағасын атып өлтірді. Марқұмның артында жүкті жары мен жас балалары қалды. Ал күдікті жәбірленушінің баласын алып қашып, көлікпен таудан құламақ болған. Алайда бала да, өзі де аман қалған. Ulysmedia тілшісі осы оқиғаға қатысты адвокат әрі жәбірленушінің туысы Гаухар Сариевамен тілдесті.

Ulysmedia: Қыз баланың қазіргі жағдайы қалай? Күдікті кішкентай қыз балаға ешнәрсе істемеді ме? Сол жағына тоқталсаңыз.

Гаухар Сариева: Күдікті ұсталған. Полиция қызметкерлері келген кезде ол кішкентай қызбен бірге көлікпен таудан секіріп кеткен. “Батыр” қызымыз аман қалды. Бірақ тілі жыртылған, қазір Іле аудандық ауруханасында шағын ота жасалып жатыр. Ал біз қазір қаза болған отбасының жанындамыз.

Ulysmedia: Оқиға әу баста қалай басталды, толығырақ айтып берсеңіз.

Гаухар Сариева: Бұл жағдай тамыздың 3-і күні басталған. Қыз арыз жазды. Себебі ол күдікті бұрыннан көлік бойынша алаяқтық әрекеттер жасап жүрген. Машина иелерін «арзанға аламын, рассрочкаға аламын» деп алдап, кейін қайта сатып отырған. Осы істерін жүзеге асыру үшін Аружанның Kaspi аккаунтын қолданып, тіпті бір көлікті оның атына рәсімдеп, сатып жіберген. Сол сәттен бастап Аружан қорқып қалған. Кейін күдікті қызбен барлық қарым-қатынасын видеоға түсіріп, фото-бейнемен қорқыта бастаған.

2–3 тамыз күндері, бірнеше рет зорлағаннан кейін, Аружан полицияға арыз жазған. Бірақ іс дұрыс қаралмаған. Кейін күдікті пышақпен, қызымен қорқытып тағы да қысым көрсеткен. Аружан амалсыздан «достастық» деп айтуға мәжбүр болған. Бұл деректердің барлығы – қыздың өз сөздері.

Бір ай бойы күдікті Аружанды бақылауда ұстады. Басқа телефон беріп, оны тәулік бойы, 24/7 аудиоқоңырау арқылы бақылап жүрген. Қоңырауды қосулы тұруға мәжбүрледі. Телефонды сөндірсе – интим суреттерін таратамын деп қорқытқан. Аружан қайда барса да, жұмыста да, үйде де үнемі байланыста отыруға міндеттелген.

Кейін интим фотоларын туыстарына, таныстарына, тіпті сыныптастарына дейін жіберген. Осыдан кейін Аружан маған хабарласты. Мен адвокат ретінде арыз жаздым. Толық дәлелдер болды. Бірақ полиция әрекет етпеді. Мен өзім осында қонып жүрмін. Сұмдық. Қорқамыз. Түні бойы көз іле алмай «Шерзаттың үйін өртегендей, бізді де өртеп кетпей ме екен» деп алаңдаумен болдық.  Қысымнан шаршаған Аружан өзіне қолжұмсамақ болып, дәрі ішіп, ауруханаға түсті. Құдайға шүкір, аман қалды.

Ulysmedia: Экспертиза жасалды ма?

Гаухар Сариева: Иә, зорлық-зомбылыққа қатысты толық дәлелдер бар. Бірақ полиция күдіктіні дер кезінде қамауға алмады. Қазір істі Бас прокуратура өз бақылауына алды.

Ulysmedia: Кейінгі оқиғалар қалай өрбіді?

Гаухар Сариева: Күдікті қаруды ұрлап алған. Сол күні Аружанды алып кетуге үйіне барған. Сол кезде ол көршіге дәрі егуге кеткен. Ал ағасы дүкенге шыққан. Күдікті ағасын көшеде көріп, атып кеткен. Оқиға кезінде екі бала болған. Оларды да пышақпен қорқытқан. Марқұмның жары жүкті, артында үш баласы қалды. Қылмыстан кейін күдікті Аружанның 2 жасар қызын алып кеткен. Аружанның анасына пышақ пен тапанша тіреп: «Жарайды, сізді өлтірмеймін» деп кетіп қалған. Аружан – медбике. Сол сәтте көршісінің қан қысымы көтеріліп, система қоюға барған екен. Сол үшін үйінде болмаған. Ал ағасы дүкенге шығып кеткенде күдікті оны атып өлтірді.

Ulysmedia: Бүлдіршін Аружанның қызы ғой?

Гаухар Сариева: Иә, Аружанның бірінші некесінен туған қызы. Күдікті бастапқыда Аружанды алып кетпек болған, бірақ үйде болмаған соң қызын алып кеткен.

Ulysmedia: Күдіктінің жасы нешеде еді?

Гаухар Сариева: 1998 жылы туған. Бір мектепте оқыған. Басқа ақпарат білмеймін.

Ulysmedia: Бүлдіршінге ота жасалып жатыр дедіңіз. Қазір жағдайы қалай?

Гаухар Сариева: Иә, қазір ота үстінде. Дәрігерлер қолдан келгенін жасап жатыр. Динара Закиева да қосылды бұл жағдайға. Бәрі жақсы болады деген үміттеміз.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, 6 қыркүйек кешке Алматы облысы Талғар қаласында бейтаныс адам ер азаматты атып өлтіріп, кішкентай қызды алып кеткен.

Полиция мәліметінше, ер адамды өлтіру және бала ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, күдікті қыздың анасымен бұрын жақын қарым-қатынаста болған.