Ердоған Израильдің Катарға жасаған шабуылына пікір білдірді

Сырым Қаржас
Фото: media.kz

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Израильдің Катарға жасаған шабуылына пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Оның айтуынша, Израильдің Катардағы палестиналық ХАМАС қозғалысы делегациясына жасаған шабуылы – халықаралық құқықты бұзу әрі бейбітшілік пен қауіпсіздікке қарсы бағытталған әрекет, деп жазады РИА Новости.

- Бүгінгі Израильдің Катардағы ХАМАС делегациясына жасаған шабуылы билікке масаттанған Нетаньяху үкіметінің қақтығысты ушықтырып, тұрақсыздықты тереңдетуге ұмтылып отырғанын айқын көрсетті. Бұл шабуыл халықаралық құқық пен Катар егемендігін ашық бұзу болып табылады әрі бауырлас Катар мемлекетінің бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қарсы бағытталған. Мен бұл шабуылды қатаң айыптаймын. Терроризмді мемлекеттік саясатқа айналдырғандар ешқашан өз мақсаттарына жете алмайды. Израильдің бүкіл аймақты өзімен бірге апатқа ұрындыруға бағытталған бандитизміне қарсы біз табанды әрі берік ұстанымымызды сақтаймыз және қандай жағдайда да бейбітшілікті, халықаралық құқықты және палестиналық халықтың еркіндігін қорғауды жалғастырамыз, – деді Ердоған.

Президенттің айтуынша, Түркия палестиналық бауырларын және одақтасы, стратегиялық серіктесі әрі досы – Катар мемлекетін бар күшімен қолдайды. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Израильдің Дохаға жаңа соққы жасамайтынын мәлімдеген еді. Ол бұл туралы Катар билігіне арнайы өкілі Стив Уиткофф арқылы хабарлаған.

КОНТЕКСТ

9 қыркүйек күні күндіз ЦАХАЛ Дохаға әуе соққысын жасады. Al Arabiya телеарнасының хабарлауынша, шабуыл салдарынан ХАМАС көшбасшыларының бірі Халиль әл-Хайя және тағы төрт адам қаза тапты.