"Қалай арзан болады?". Жұманғарин елде ет қымбат екенін мойындады

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елдегі азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Министрдің айтуынша, Қазақстан әлі күнге дейін бірқатар негізгі тауар түрлерімен өзін толық қамтамасыз ете алмай отыр.

– Біз ешқашан «бәрі қамтамасыз етілген» деп айтпаймыз. Керісінше, әрдайым есеп берген кезде елде төрт-бес тауар тобы бойынша азық-түлік қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілмегенін мойындаймыз. Бұл, ең алдымен, сүт өнімдері – ірімшік, сүзбе. Бұл бағытта өзімізді небәрі 54%-ға ғана қамтып отырмыз. Бұл біздің әлсіз тұсымыз. Екіншіден, шұжық өнімдері, үшіншіден, консервілер, төртіншіден, қант. Бұлар бойынша да мәселелер бар, – деді Жұманғарин.

Оның айтуынша, құс еті саласында ілгерілеу байқалғанымен, импортқа тәуелділік әлі сақталып отыр.

– Бүгінде құс еті бойынша 80%-дық қамтамасыз етуге жеттік. Дегенмен, әлі де импорттап отырмыз. Бұл шешуді қажет ететін мәселе. Бірақ соңғы жылдары біз құс етін 54%-дан 80%-ға жеткіздік. Қалай? Жай ғана қолдау көрсеттік, – деді министр.

Жұманғариннің айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты проблемаларды шешу үшін мемлекет тарапынан жүйелі қолдау шаралары жалғасады.

ЕТ БАҒАСЫ АРЗАНДАЙ МА

Жұманғарин ет бағасы толық арзандайды деп айта алмайтынын атап өтті. 

- Бірақ етпен өзімізді және экспорттық бағытты толығымен қамтамасыз етеміз. Себебі көршілерімізбен салыстырғанда Қазақстанда ет арзан, ең төмен баға. Сондықтан малшылар күні-түні жұмыс істеп жатыр. Өте ауыр жұмыс. Сонда еттің бағасы қалай арзан болады?, – дейді Жұманғарин. 

Оның сөзінше, еттің бағасы бұған дейін біраз жыл тұрақты болған. 

 – Он шақты жылдай 2,5 мың, 2,9 мың теңге болды. Ол мал шаруашылығына негатив әсер етті. Ешкімнің мал шаруашылығымен айналысуға құлқы болмады. Сол себепті баға көтерілді. Қазір біраз адам осы салаға көшіп жатыр, дейді министр.