Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев палаталар біріктірілген жағдайда парламент инфрақұрылымының тағдыры туралы айтты. Ол бұл бастаманың елдің саяси жүйесін дамытудағы тарихи маңызына тоқталды.
Әшімбаевтың айтуынша, егер алдағы референдумда азаматтар бірпалаталы парламент құруды қолдаса, қазіргі қолданыстағы бүкіл инфрақұрылым жаңа парламентке пайдалануға берілмек.
Спикер бұл сұрақтың нақты техникалық тұстарын депутаттар мен арнайы жұмыс топтары талқылайтынын жеткізді.
– Тағы да қайталап айтқым келеді: егер референдумда азаматтарымыз қолдап шешім қабылдаса, онда жаңа бірпалаталы парламент құрылады. Бұл жағдайда қолданыстағы бүкіл инфрақұрылым жаңа парламент үшін пайдаланылатын болады. Ал оның нақты қалай іске асатыны туралы сұрақтарды тиісті депутаттар мен жұмыс топтарына қоюға болады, – деді Әшімбаев.
КОНТЕКСТ
Қазақстанда 2027 жылы жалпыұлттық референдум өтуі мүмкін. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында мәлімдеді. Бұған дейін ол бірпалаталы парламент құру бастамасын көтерген болатын. Мемлекет басшысы мұндай маңызды реформаны асығыс енгізбей, қоғамда кеңінен талқылау қажет екенін айтты.