«Лотерея ма, алаяқтық па?» — блогер Төлегенованың ісі қылмыстық сипат алуы мүмкін

Динара Жарқынбек
Ulysmedia

Астанада блогер Ерболат Жанәбіловтің жұбайы Эльмира Төлегенованың әкімшілік ісі бойынша сот отырысы аяқталды. Судья Ақерке Бектұрғанова шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетті. Үкім бүгін сағат 16:00-де жарияланады.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Астанада блогер Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесінде жаңа мәлімдемелер айтылды. Туризм және спорт министрлігінің Құмар ойын бизнесін реттеу комитетінің өкілдері әкімшілік істі тоқтатып, оны қылмыстық іс ретінде қарауды ұсынды. Олардың айтуынша, блогердің әрекеттерінде алаяқтық белгілері бар. 

Ал Толегенованың адвокаты Олег Чернов мұнымен келіспейтінін мәлімдеп, әкімшілік істің өзінде де бірқатар заңбұзушылықтар болғанын айтты. Блогердің кінәсі дәлелденбеген соң,  бұл істі мүлде тоқтатуды талап етті.

Отырыс соңында комитет өкілдерінен қылмыстық іс қозғалса, қандай жаза қарастырылуы мүмкін екенін сұрадық. Алайда шенеуніктер бұл сұраққа жауап бермей, мұндай мәселе олардың құзыретіне кірмейтінін айтты.

Отырыс аяқталғаннан кейін тілшілер Эльмира Төлегеновадан да пікір алуға тырысқан, алайда ол жауап беруден бас тартты.

– Барлық түсініктемені адвокатым береді, – деді ол.

БЛОГЕР НЕ ДЕДІ?

Сотта Эльмира Төлегенова өзі жауап беріп, ұтыс ойындарын 2021 жылдың 21 тамызынан бері өткізіп келе жатқанын айтты. Ол қатысушылардың нақты санын еске түсіре алмай, мұны техникалық білімінің жеткіліксіздігімен түсіндірді. Төлегенованың сөзіне қарағанда, ол «Жаңа Бизнес» ЖШС директоры ретінде жұмыс істейді. Ал бухгалтер мен басқа қызметкерлерді жалдайтын болған.

Блогердің айтуынша, бір ұтыс ойынында 100 адамға 50 мың теңгеден үлестірілген. Оған қоса, айфондар мен екі автокөлік жеңімпаздарға берілген. Дегенмен қанша телефон ойнатылғанын нақтылай алмады. 

КОНТЕКСТ

Мамандандырылған ауданаралық сотта өтіп жатқан процеске «білім беру курстары» төңірегіндегі дау арқау болды. Белгілі блогерлердің онлайн-өнімдері небәрі тоғыз бейнероликтен тұрып, авторларына 180 миллион теңге табыс әкелген. Бұл жағдай лотерея заңнамасын бұзу белгілері бар деген күдікке себеп болды.