Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәжілісте «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасын таныстыру барысында депутаттардың сұрақтарына жауап беріп, Қазақстанда несие алаяқтығына қарсы жаңа шаралар енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оның айтуынша, алаяқтық жолмен рәсімделген несиелерді сот арқылы да, соттан тыс та есептен шығару тетігі енгізілмек. Егер қарыз алушы алданғанын дәлелдесе, несие жойылуы мүмкін. Әбілқасымованың сөзінше, сотқа жүгінбей-ақ есептен шығаруға мүмкіндік беретін бірқатар негіздер бар:
24 сағаттық «ойлану кезеңінің» сақталмауы;
жұбайының келісімінің болмауы;
құжаттарды рәсімдеудегі қателіктер және бекітілген рәсімдердің бұзылуы.
- Мұндай жағдайда қарыз алушыға сотқа барудың қажеті жоқ, жай ғана өтініш беру жеткілікті, ал несие алаяқтық деп танылады, – деді ол.
БАЙЛАНЫС САЛАСЫ
Сонымен қатар, жаңа талаптар байланыс саласына да қатысты болмақ. Өйткені алаяқтық несиелердің едәуір бөлігі телефон қоңыраулары мен мессенджерлер арқылы рәсімделіп жатады. Осыған байланысты байланыс операторларының антифрод-жүйелеріне қосымша талаптар енгізіледі. Ұлттық банк жанынан бірыңғай антифрод-орталық құрылады, онда барлық күдікті қоңыраулар туралы мәліметтер жиналады. Әбілқасымованың айтуынша, байланыс операторлары өзара ақпарат алмасады, бұл күдікті қоңырауларды бұғаттауға және азаматтар үшін тәуекелдерді айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Әбілқасымова бұл шаралар көптеген қарыз алушыларды қорғап, алаяқтық несиелердің рәсімделу жағдайларын едәуір қысқартуға тиіс екенін атап өтті.