Санжар Боқаев: Алматыда әкімдікке тиесілі гранит плиталары түнде жасырын әкетілуде

Сырым Қаржас
Видео кадры

Қоғам белсендісі Санжар Боқаев Алматыдағы Үлкен Алматы өзенінің жағасынан табиғи гранит плиталарының жасырын түрде жүк көліктеріне тиеліп, сыртқа шығарылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Түн ортасындағы тексеріс

Боқаевтың сөзінше, оған жергілікті тұрғындардан бейнематериалдар келіп түскен. Онда плиталардың көлікке тиеп әкетіліп жатқаны көрініс тапқан. Осы ақпараттан кейін ол түн ішінде өзен бойына барып, жағдайды бақылауға шешім қабылдаған.

- Біз келгенде бір манипулятор тиеп кетіп үлгерді, артынан тағы бір техника келіп тоқтады. Қазірше араласпай, тек қайда апаратынын аңдуға келістік. Өйткені бәрі полицияның көз алдында болып жатыр, – дейді белсенді.

Күдік тудыратын жайттар

Белсендінің айтуынша, тасымал тек түнгі уақытта жүргізіледі.

- Егер мұның бәрі заңды болса, күндіз-ақ ашық тасымалдауға болар еді ғой. Бірақ олар тек түнде ғана жасайды, – деп күмәнін жеткізді Боқаев.

Алғашында ол плиталар әкімдікке қарасты қоймаға жеткізіледі деп топшылаған. Себебі бұл мүлік қала әкімдігінің балансына тиесілі.

Жеке кәсіпорынға жеткізілген

Алайда жүк көлігінің бағыты басқаша болған.

- Көлік Бесағаш арқылы Талғар ауданына беттеді. Сөйтсек, ол әкімдік базасына емес, жеке аулаға кірді. Жақындап қарасақ, бұл – мүрде тасын дайындайтын цех екен. Сонда әкімдік мүлкі осылай сатылып жатыр. Мұны тіпті түсіндіруге де сөзім жетпейді. Өте жағымсыз жағдай, – деді Санжар Боқаев.

Артынша Санжар жұмысшылардың бірімен сөйлескен. 

- Тасты қайдан алып келе жатырсыз? 

- Үйден... Қоқыс тастайтын жерден... Әйтейден 

- Мына жерге не үшін алып келіп жатырсыз? 

- Бұл сынған заттар ғой

- Сынбаған, бүтін ғой, дейді Санжар Боқаев. 

Артынша Санжар Боқаев жұмысшыларға олар тасты Әйтей ауылынан алып келмегенін білетінін, гранит тастар Алматыдағы Дулати көшесінен жеткізілгенін айтып, тастарды алған орнына қайтадан апарып тастауды талап етті.