Қазақстанда киберқауіпсіздік туралы заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Үмітжан Арықбекова мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Арықбекова Алматыда өткен KazHackStan 2025 конференциясында киберқауіпсіздік туралы заң жобасы дайындалып жатқанын мәлімдеді.
– Біз дамудың жолында келе жатырмыз және киберқауіпсіздікті жеке бағыт ретінде бөліп қарастыруымыз қажет, – деді ол мінберден сөйлеген сөзінде.
Ulysmedia тілшісімен әңгімеде Арықбекова әлемдік тәжірибеде «ақпараттық қауіпсіздік» ұғымынан біртіндеп бас тартылып жатқанын түсіндірді. Енді назар деректерді ғана емес, жалпы инфрақұрылымды қорғауға бағытталған киберқауіпсіздікке ауысуда.
– Экономиканың барлық салалары, соның ішінде көліктегі қауіпсіздік, азаматтық авиация деректерді қорғау және жалпы инфрақұрылымды қорғау бойынша үздік халықаралық стандарттарды қолдануы тиіс. Сонымен қатар, біз заң жобасына денсаулық сақтау саласын бөлек енгізуді жоспарлап отырмыз. Себебі соңғы деректердің таралуы осы салаға көбірек көңіл бөлу қажеттігін көрсетті, – деді ол.
Шенеуніктің сөзінше, әр салада киберқауіпсіздік орталықтары пайда болуы тиіс. Бұл қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жанындағы орталықтың тәжірибесіне ұқсас үлгі.
– Мұның барлығы қосылып, барлық салада сенімді қорғауды қамтамасыз ететін экожүйеге айналуы тиіс, – деп түйіндеді Арықбекова.