Сарбаздың жұмбақ өлімі, қара жамылған отбасы, үнсіз офицер: Дінмұхамед Шынарбектің қазасына кім кінәлі?

Есдәулет Қызырбекұлы
Ulysmedia.kz коллажы

Әскерде жүріп жұмбақ жағдайда қаза болған сарбаз Дінмұхамед Шынарбекті бүгін Шымкентте туыстары ақтық сапарға шығарып салды. Қара жамылған отбасы сарбаздың өзіне қол жұмсағанына сенбейді.

«Ол өмір сүргісі келетін бала еді ғой»

- Әпкем барып көріп келді. Ол дейді мойнында бір жіп асылулы, қолы байлаулы дейді. Қолы байлаулы күйі адам қалай асылады. Ол мүмкін емес нәрсе. Қалай өтірік айтады олар. Қолы байлаулы, мойныменен асылулы. Адам деген соған сенетін нәрсе ме айтыңдаршы. Кім сенеді қолын байлап қойып, асылып өлді дегенге. Қолын былай артында байлап қойса, қалай адам өзін-өзі асады? Менің баламды қыршынан қиды ғой олар. Ол өмір сүргісі келетін бала еді ғой. Менің балам бір жыл отан алдындағы борышымды өтеймін деп барған еді. Ал отан не істеді оған? Отан оны бес айда қорғай алмады ғой, – марқұмның анасы Бибигүл Қалтаева.

«Оларға адам түгілі, мал бақтыруға болмайды»

Марқұмның әпкесі Тоғжан Қошанова інісінің өліміне әскери бөлімді кінәлады. Ол қаралы жиынға келген әскери бөлім қызметкері Ержан Мейірмановты айыптай сөйледі.

- Кеше көзіммен көрдім. Әскери адамдарға малды да беруге болмайды. Оларға адам түгілі, мал бақтыруға да болмайды. 50 офицер 40 баланы бір-бірден қарауға болар еді ғой. Барлық нәрсені өз көзіммен көрдім. Ана төңіректің өзі қандай жер? Бейберекет. Ағаштардың арасында алыс жерге кетіп, ол бала қалай үлкен діңгек ағашқа қалай ілінеді? Қолын өзі байлап, қалай ілінеді? Сонда бала қолын өзі белдікпен байлап тұрады екен иә? Қолын артына байлап, сосын ілінеді екен иә?, – дейді ол. 

Жұмбақ өлім

Дінмұхамед Шынарбектің әскерде қаза болғаны туралы 17 қыркүйекте белгілі болды. Бұл жөнінде оның әпкесі Еңлік Қалтаева Instagram желісінде жазып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған.

Дінмұхамед егіздің сыңары болған. Бірінші болып марқұмның егізі Данияр былтыр күзде әскерге аттанған. Артынша көктемде Дінмұхамед те әскерге шақырылған. Ол Алматы облысындағы N01098 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген.

«Әскери қызметкер өз-өзіне қол жұмсады»

Сарбаздың жұмбақ өлімі қоғамдық резонанс тудырған уақытта Қазақстан құрлық әскерінің баспасөз қызметі хабарлама таратты. Онда сарбаздың өліміне қатысты арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары басталғаны туралы айтылған.

- 17 қыркүйекте гвардиялық гарнизонның әскери бөлімдерінің бірінде жедел қызметтің әскери қызметкері өз-өзіне қол жұмсады. Қылмыстық іс қозғалды. Құрлық әскерінің бас қолбасшысы мән-жайды анықтау үшін арнайы комиссия жіберді, – делінген хабарламада.

Кейінгі кезде Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар арасында өлім-жітім мен суицид жиілеп барады. Бұған дейін қорғаныс министрлігі кейінгі үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза болды деп мәлімдеген.

Марқұмдардың туыстары да, қоғам да негізінен сарбаздардың өліміне әскер мен оның басшылығын кінәлі дейді. Сарбаздардың қазасына әлімжеттік себеп екені жиі айтылады. Ал ресми ақпаратқа сәйкес, олардың өліміне көп жағдайда ауру, жол апаты мен суицид себеп.

Былтыр әскердегі сарбаз өлімі жиілеген тұста ePetition.kz порталында міндетті әскери қызметті алып тастау туралы петиция жарияланған. Қазақстанның қорғаныс министрлігі «бұл бастаманы елдің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіру» деп атап, «елдің қорғаныс мәселесі петицияға негіз бола алмайды» деп мәлімдеген.