Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров президент Тоқаевтың ішкі нарықты сынауына қатысты жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Президент Тоқаев жолдауында “ішкі нарықты отандық өнімдермен толтыруға келгенде қазіргі ахуалды ұят жағдай” деп бағалаған болатын.
ШАҚҚАЛИЕВ НЕ ДЕЙДІ?
Арман Шаққалиев президенттің айтқаны “айтылды-орындалды” деген сөз дейді.
- Біз тапсырманы орындау үшін бар жігерімізді саламыз. Біздің тарапымыздан сауда сөресіне, ережелеріне өзгерістер енгіздік. Қазіргі таңда кемінде 50 пайыз Қазақстанда жасалған өнімге жол аштық. Ол талап, міндет. Оған қоса биылдан бастап мемлекеттік қолдау арқылы сауда желілеріне модернизациялау үшін қаражат бөліп жатырмыз, – дейді Шаққалиев.
САПАРОВ НЕ ДЕЙДІ
Ауыл шаруашылығы министр президент кемшілікті айтса, оны мойындаймыз деп отыр.
- Орындаймыз, ол бойынша жоспар. Былтыр өсімдік шаруашылығына үлкен көңіл бөлініп, соның арқасында біраз мәселе шешіліпе екі жылдық рекордтық өнім алып отырмыз. Оны шаруашылықтар да айтады. Бірақ мал шаруашылығына биылдан бастап көңіл бөлінді. Себебі бәрі қаржыландыру мәселесіне байланысты. Соңында шаруашылықтарға көңіл бөлініп, мұның нәтижесін көретін боламыз, – дейді Айдарбек Сапаров.
ЖОЛДАУ
Еске салайық, 8 қыркүйекте президент Қазақстан халқына жолдауында елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті екенін айтқан болатын.
- Әрине, өзімізді өзіміз жүз пайыз қамтамасыз етуіміз мүмкін емес, бәлкім, оның қажеті де жоқ шығар. Бірақ нарықтағы қазіргі жағдайды айтудың өзі ұят. Бұған қоса, дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту керек. Сондықтан аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеу қажет, – деген еді Тоқаев.