Маңғыстауда 18 жастағы сарбаз жындыханадан бір-ақ шықты

Сырым Қаржас
Фото: ашық дереккөзден

Маңғыстауда 18 жастағы сарбаз психикалық орталыққа түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Информбюро31 мәліметінше, Бейнеу ауданында әскерде борышын өтеп жүрген жас сарбаздың туыстары оны психикалық денсаулық орталығына жатқызуды әскери бөлімдегі әлімжеттікпен байланыстырады. Жақындарының айтуынша, ол қысым мен соққыға шыдамай бірнеше рет өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Ал әскери қызметкерлер жағдайды тексерудің орнына оны емханаға жеткізіп, істі жасыруға тырысқан, дейді олар. Анасы Қорғаныс министрінен көмек сұрап отыр.

«Ұлымды алдап жындыханаға әкелген»

Сұлтан Шынтеміров биыл сәуірде әскер қатарына шақырылған. Анасының сөзінше, 18 жастағы бозбала әлімжеттіктің құрбаны болып, қорлыққа төзбей бірнеше рет білегін тіліп жіберген. Бес айдан соң тағы да өзіне қол салуға тырысқан. Анасы ұлының психикалық орталықта жатқанын басқа ата-аналардан естіп білген.

– Маған командирі қоңырау шалып, «балаңыздың жүрегі мен бүйрегінде ақау бар, тексеруге апарамыз» деді. Сөйтсе алдап, психбольницаға жатқызып тастаған. Басқа ата-анадан естімесем, баламның осында екенін де білмес едім, дейді сарбаздың анасы Лаура Шынтемірова. 

«Әскерилер ұрып-соғады, қара жұмысқа жегеді»

Сарбаз анасымен сөйлескенде әскери бөлім қызметкерлерінің ұрып-соғатынын айтқан. Лаура Шынтемірова әскерде жас сарбаздарды қара жұмысқа пайдаланып, тіпті үйлердің құрылысына да жұмсайтынын жеткізді.

– Өз баламды танымай қалдым. Суреттері де бар. Баламды құрылысқа жіберіп, кірпіш қалап қойған. 99116 әскери бөлімін түгел тексерсін, дейді сарбаздың анасы.

«Суицид белгілері бар»

Сұлтан Шынтеміров психикалық денсаулық орталығында бір аптадан бері жатыр. Мұнда тағы екі сарбаз ем қабылдауда.

– Білектерінде жарақат іздері болды. Бізге суицид белгілерімен әкелінді. Қазір психолог пен психотерапевт мамандар қарап жатыр, дейді Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мәди Тоқанов. 

Әскерде жүріп психикалық орталыққа түскен сарбаздардың ісіне байланысты тексеріс басталды. Оқиғаның нақты мән-жайын арнайы комиссия анықтайтын болды.