Ақылды камера: қоғамды қорғай ма, қалтаны қаға ма?

Динара Жарқынбек
Ulysmedia

Астанада жыл соңына дейін 20 мыңнан астам жаңа интеллектуалды бейнебақылау камераларын орнататылады.  Әкім Жеңіс Қасымбектің сөзіне қарағанда, бұл құрылғылар жасанды интеллект алгоритмдері арқылы қылмыспен күресу үшін пайдаланылмақ. 

АҚЫЛДЫ КАМЕРАНЫҢ ҚЫЗМЕТІ

Жаңа цифрлық құрылғылар қоғамдық тәртіпті қадағалауға және жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Бүгінде полицияның Жедел басқару орталығына 37 мыңнан астам камера қосылған, олардың көмегімен әрбір үшінші қылмыс ашылып жатыр.

– Олар жасанды интеллектке негізделген 35-тен астам бейнеаналитика алгоритмдерімен жабдықталады. Соның ішінде бет-әлпетті және мінез-құлықты тану, көлік қозғалысын талдау, төтенше жағдай қызметтерін автоматты түрде хабардар ету мүмкіндіктері бар, – деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.

ҚОҒАМ ҮШІН «АЙЫППҰЛ ҚҰРАЛЫ»

Алайда қоғам үшін «ақылды камера» түсінігі қылмыспен күрестен бұрын – айыппұлмен байланысты.
Соңғы жылдары жол қозғалысын бақылайтын автоматтандырылған камералар бюджеттің тұрақты кіріс көзіне айналды. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, жол ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұлдар көлемі жылына ондаған миллиард теңгеге жетеді.

Осы себепті көпшілік үшін камера – қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құрал емес, көбіне жазалау механизмі. Жаңа жүйенің бет-әлпетті тану және мінез-құлықты бақылау мүмкіндіктері іске қосылғанда, оның айыппұл салу ауқымы одан әрі кеңеймей ме деген күдік бар. Мәселен, жолды белгіленбеген жерден кесіп өту немесе қоғамдық тәртіпті бұзу автоматты жазалауға айналуы ғажап емес.

ДЕПУТАТ ПІКІРІ

Депутат Нартай Аралбай да қоғамда мұндай пікір бар екенін жасырмайды.

– Иә, қазір қоғамда күмән бар. Сондай-ақ бұл бастама адамдардың күнделікті өміріне, әлеуметтік жағдайына кедергі келтірмей ме деген сауал да орынды. Сондықтан камера қауіпсіздік пен жазалау арасындағы тепе-теңдікті сақтап жұмыс істеуі керек. Ол ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталуы тиіс, – деді депутат.

КОНТЕКСТ

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астанада іске асырылып жатқан Smart City тұжырымдамасы алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлеріне де енгізілмек. Қалада «цифровой купол» жүйесі жұмыс істеп тұр, ол жасанды интеллект элементтеріне негізделген ұлттық бейнемониторингтің бір бөлігіне айналды. Биік ғимараттарға орнатылған қуатты камералар 10 шақырымға дейінгі аумақты қамтиды.

ІІМ деректеріне сәйкес, мұндай «ақылды» камералар қазірдің өзінде 585 іздеудегі қылмыскерді ұстауға көмектескен, қылмыстардың 50 пайыздан астамын ашуға ықпал еткен. Бүгінде 19 мыңнан астам интеллектуалды камера бет-әлпетті, халықтың жиналуын және қаруды тануға қабілетті. Жүйеге жедел есепте тұрған 75 мыңнан астам адамның фотосуреті енгізілген.