Балқашта ерлі-зайыпты дәрігер өз үйіндегі өрт кезінде қаза тапты

Сырым Қаржас
ашық дереккөз

Балқашта 24 қыркүйек күні қайғылы жағдай болды – белгілі ерлі-зайыпты дәрігер, зейнет жасындағы Юрий Аркадьевич пен Наталья Евгеньевна Шерстовтар өз үйінде болған өрт кезінде қаза тапты,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Оқиға түскі уақытта болған. “Патриот” басылымының дерегінше, дәрігерлердің туыстары өрт сөндіру қызметіне қоңырау шалып, үйдің ішінде қою түтін мен өрт іздері байқалғанын хабарлаған.

Құтқарушылар келгенде ашық жалын болмаған, алайда үйден ерлі-зайыптының денесі табылды. Өрттің аумағы – 30 шаршы метр. Оның неден шыққаны анықталып жатыр.

Юрий Аркадьевич – спорттық медицина мен денсаулық сақтауды ұйымдастыру саласына жарты ғасырдан астам уақытын арнаған білікті маман, “КСРО денсаулық сақтау үздігі” атағына ие болған. Балқаш қаласының медициналық қызметін дамытуға зор үлес қосқан.

Наталья Евгеньевна шамамен 40 жыл Балқаш психоневрологиялық қызметін басқарған, талай дәрігерді тәрбиелеген жоғары кәсіби дәрігер еді.

Шерстовтардың ұлы қазіргі таңда Қарағандыдағы №3 көпсалалы аурухананың емдеу ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарады.

МИНИСТР КӨҢІЛ АЙТТЫ

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова марқұмдардың отбасына және медицина қауымдастығына көңіл айтты:

– Юрий Аркадьевич пен Наталья Евгеньевна Шерстовтар – мамандыққа деген адалдық пен адамдарға қызмет етудің символына айналды. Олардың өмірден озуы – медициналық қауымдастық пен бүкіл ел үшін орны толмас қаза. Марқұмдардың жарқын бейнесі әріптестерінің және шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталады, – деді министр.