Сирия соты Башар Асадты қамауға алу туралы ордер берді

Сырым Қаржас
1sn.ru

Дамаск соты елдің бұрынғы президенті Башар Асадты қамауға алу туралы ордер шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz SANA агенттігіне сілтеме жасап.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Асадқа қасақана кісі өлтіру, азаптау салдарынан адам өліміне әкелу, сондай-ақ адамдарды заңсыз бостандығынан айыру айыбы тағылды. Агенттіктің хабарлауынша, бұл істі бастауға 2011 жылғы оқиғаларда қаза тапқандардың туыстары түрткі болған. Сот шешімі бойынша, қамауға алу ордері Интерпол арқылы таратылып, іс халықаралық деңгейде әрі қарай тергелуі мүмкін.

КОНТЕКСТ

Сирияда билік Асадтар әулетінің қолында жарты ғасырдан астам болды — әуелі Хафез Асадта, кейін оның ұлы Башарда. 2011 жылы “араб көктемі” аясында халық саны шамамен 23 миллион елде олардың авторитарлық билігіне қарсы көтеріліс басталды. Бұл оқиғалар 13 жылға созылған қанды азаматтық соғысқа ұласты.

2024 жылғы 8 желтоқсанға қараған түні үкіметке қарсы жасақтар Дамаскке кіріп, Башар Асадтың билігі құлағанын жариялады. Қазір Сирия президентінің міндетін уақытша көтерілісшілерді басқарған Ахмед аш-Шараа атқарып жатыр.