Иран ең ірі тыңшыны өлім жазасына кесті

Сырым Қаржас
Фото: GLOBAL LOOK PRESS

Иранда Бахман Чуби-Асл есімді ер адамға шығарылған өлім жазасы орындалды. Бұл туралы Иранның сот ақпарат агенттігі Mizan жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АЙЫПТАУ

Агенттіктің дерегінше, сотталған Чуби-Асл «Израильдің Ирандағы ең ірі тыңшыларының бірі» болған. Оны «Моссад» мемлекеттік мекемелердің деректер базасына қол жеткізу және ирандық дата-орталықтарда осалдық тудыру үшін тартқан. Сондай-ақ, ол электронды жабдықтардың жеткізілу бағыттарын бақылауға қатысты тапсырмаларды орындағаны айтылды.

СОТ ШЕШІМІ

Иран Жоғарғы соты Чуби-Аслдың апелляциясын қарап, үкімді күшінде қалдырды. Ол «жер бетінде іріткі салу» айыбы бойынша ең ауыр жазаға кесілді.

КОНТЕКСТ

Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс биыл маусымда жаңа деңгейге өтті. Израиль Иран аумағындағы бірқатар нысандарға соққы беріп, оған «Моссадтың» ел ішінде әрекет етіп жүрген агенттері де қатысқаны хабарланған.

Reuters мәліметінше, биыл Иранда Израильге тыңшылық жасады деген айыппен өлім жазасы жиі қолданылып отыр. Соңғы айларда кемінде 10 үкім орындалған.