Тәттіден туған тартыс: 600 мың теңгелік торт ісі сотта

Динара Жарқынбек
Ulysmedia.kz

Астанада атышулы «600 мың теңгелік торт ісі» сотта қарала бастады. Әлеуметтік желіде үлкен дау туғызған оқиға енді құқықтық алаңға өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тараптар таласы

Нұршат Ақбергенованың ісін адвокат Сәдуақас .. таныстырды. Қорғаушы блогер Асел Батырдың тек 100 мың теңге төлеп, қалған 500 мың теңгені бермегенін айтты.

– Егер ақша толық төленіп, БАҚ-та ресми түрде кешірім жарияланса, біз істі қайтарып алуға дайынбыз. Кәсіби абыройымызға нұқсан келді, – деді кондитердің өкілі.

Сонымен қатар, талап арызда 3 млн теңге моральдық өтемақы көрсетілген.

Басы дауға қалған блогердің адвокаты Ғазиз Әмірбеков кешірім сұрауға қарсы шыққандай:

– Біз кешірім сұрасақ, оны қалай жасауымыз керек? Тізерлеп пе? Өзін-өзі сабау ма? Өзін-өзі өртеу ме?, – деп ашуға булыққан адвокат қарсы тарапқа осылай сауал тастады.

Сондай-ақ, Асел Батыр сотқа келген жоқ. Елде емес. Оның қорғаушылары істің саяси реңк алғанын айтып, процесті жабық өткізуді сұрады.

– Ол – елшінің жары. Әлемдік деңгейде кибербуллингке ұшырады. Бұл жай ғана қарыз дауы емес, – деді адвокат.

Адвокаттар кондитердің әлеуметтік желідегі жазбаларына да шүйлікті. Олар «психолого-политико-лингвистикалық сараптама» тағайындауды талап етті. Осылайша бұл істе кімнің агрессор екенін анықтамақ. 

Бұл әзірге дайындық кезеңіндегі тыңдалым ғана. Судья шешім қабылдаған жоқ. Алдағы уақытта қаржылық құжаттар, сараптамалар мен дәлелдер қаралмақ.

Қарапайым торттан басталған дау қазір дипломатиялық мәртебе, халықаралық буллинг және саяси астар жайлы мәлімдемелерге ұласты. 

Контекст

Жазда әлеуметтік желілерде «600 мың теңгелік торт» қызу талқыланған еді. Қолданушылар бағаның шынайылығына күмән келтіріп, мемдер ойлап тапты. Кейбіреулер тіпті блогердің қарызын жабу үшін ақша жинауды ұсынған.

Сұқбат

Бір айдан астам уақыт төрелігі айтылмаған даудың жай-жапсарын «Қаракөз» подкастына келген Нұршат Ақбергенованың өзі айтып берді. Ulysmedia.kz бас редакторы, подкаст жүргізушісі Самал Берікқызымен болған ашық сұқбатта кондитер өз кәсібінің қызығы мен шыжығын, бір қарағанда оңай көрінгенімен, түптеп келгенде өз қиындықтары бар кондитер саласының бүге-шігесін жасырмай айтып берді. 

Сұқбаттың толық нұсқасын Ulysmedia-ның YouTube-арнасынан қарай аласыздар.