600 мың теңгелік торттың дауы: адвокат судьяға қарсылық білдірді

Динара Жарқынбек
Ulysmedia.kz

Астанадағы атышулы «600 мың теңгелік торт» ісінде күтпеген жағдай болды. Дайындық тыңдалымында кондитер Нұршат Ақбергенованың қорғаушысы Аржан Сәдуақас судьяға қарсылық білдіріп, істің әділ өтуіне күмән келтірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Адвокаттың уәжі

Сәдуақастың айтуынша, судья оның сұрақ қою уақыты мен сөзін шектеп, ал блогер Әсел Батырдың өкілдеріне артық мүмкіндік берген.

– Маған жеткілікті уақыт бермейсіз. Ал қарсы тараптың адвокаттарына ұзақ сөйлеуге рұқсат беріп отырсыз. Мені тоқтатпаңыз!, – деді адвокат.

Ол сондай-ақ Батырдың қорғаушылары сотқа онлайн қосылып, отырып сөйлегенін де ерекше атап өтіп, бұның сотқа құрметсіздік екенін айтты. Оның уәжін қабылдамаған судьяға:

- Өзіңізді бүкіл Қазақстанға ұятқа қалдырып отырсыз, – деп жариялады. 

Судья адвокаттың уәжін қабылдамады.

– Сіз сотты да, өзіңізді де ұятқа қалдырдыңыз. Сотта этика сақталуы тиіс, – деп кері жауап қайтарды. 

Сонымен қатар, судья екі тараптың да өкілдеріне қатысты «сотқа құрметсіздік танытты» деген бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылатынын хабарлады.

Енді істің жалғасуы судьяға жасалған қарсылық пен әкімшілік іс бойынша қабылданатын шешімге байланысты.

Даудың басы

Еске салсақ, Нұршат Ақбергенова блогер Әсел Батырға жасаған 18 келілік торттың құнын толық өтемегенін айтып, сотқа жүгінген. Кондитердің айтуынша, Батыр тек 100 мың теңге төлеп, қалған 500 мың теңгені бермеген. Сонымен бірге ол блогерден 3 млн теңге моральдық өтемақы және БАҚ-та ресми кешірім талап етуде. Нұршаттың адвокатының гонорары 1 700 000 тг екенін де атап өту керек. Қорғаушы жауап берушінің шығыны осылайша еселеніп кеткенін алға тартты.  

Ал Батырдың адвокаттары болса, торт бағасының шектен тыс қымбат екенін айтып, процесті жабық өткізуге тырысқан. Олардың уәжінше, клиенті «әлемдік кибербуллингке» ұшыраған.

Сондай-ақ, блогер елшінің жары екенін адвокаттар сот отырысында бірнеше рет қайталады.  Осылайша, бір торттан басталған дау қазір соттың этикасы мен әділдігіне дейін жетті. Келесі тыңдалым бұл істің қай бағытта өрбитінін анықтайды.

Сұқбат

Бір айдан астам уақыт төрелігі айтылмаған даудың жай-жапсарын «Қаракөз» подкастына келген Нұршат Ақбергенованың өзі айтып берді. Ulysmedia.kz бас редакторы, подкаст жүргізушісі Самал Берікқызымен болған ашық сұқбатта кондитер өз кәсібінің қызығы мен шыжығын, бір қарағанда оңай көрінгенімен, түптеп келгенде өз қиындықтары бар кондитер саласының бүге-шігесін жасырмай айтып берді. 

Сұқбаттың толық нұсқасын Ulysmedia-ның YouTube-арнасынан қарай аласыздар.