Қырғызстан президенті өлім жазасын енгізуді ұсынды

Ulysmedia
Фото: Ашық дереккөзден

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров аса ауыр қылмыс жасағандарға қарсы өлім жазасын енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қылмыстық кодекске өзгертулер енгізіп, балалар мен әйелдерді зорлап, өлтіргендерге жазаны қатаңдатуды ұсынып, өлім жазасын енгізу қажеттігін айтты. 

Оның бұндай ұсыныс жасауына Қаракөлде зорланып, өлтірілген 16 жастағы бойжеткеннің қазасы себеп болған.

27 қыркүйекте Жел-Арық елді мекенінде 16 жастағы Айсұлудың денесі табылған. Оны зорлап, кейін тұншықтырып өлтірген. Қылыс жасады деген күдікпен 1984 жылғы ер адам Бішкек қаласында ұсталған. Бойжеткеннің өлімі қоғамдық резонанс тудырған.

Қырғыз президентінің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзовтің сөзінше, Садыр Жапаров  істі жеке бақылауына алған. Қазір оның ұсынысы бойынша тиісті органдар заңға өзгеріс енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр.