Матчта бәрі тапталып қалды, бірақ ІІМ-нің есебінше тыныш өтті

Динара Жарқынбек
Ulysmedia.kz коллажы

Алматыда өткен «Қайрат» – «Реал» матчы тарихта алғаш рет ұйымдастырылғанымен, оның сапасына қатысты дау-дамай басылмай тұр. Бір жағынан, депутаттар жанкүйерлердің қыспақта қалып, балалардың өміріне қауіп төнгенін айтып дабыл қақса, екінші жағынан, Ішкі істер министрлігі «ешқандай құқықбұзушылық болмады, бәрі тыныш өтті» деп есеп берді. Осылайша, тарихи кездесу футбол мерекесінен гөрі ұйымдастырудағы олқылықтар мен қарама-қайшы мәлімдемелермен есте қалды.

ТАПТАЛЫП ЖАТҚАНДА ТӘРТІП САҚШЫЛАР ҚАРАП ТҰРДЫ 

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыдағы «Қайрат – Реал» матчының ұйымдастырылуын сынның астына алды. Оның айтуынша, билет алған жанкүйерлер стадионға кіре алмай, балалармен бірге қыспақта қалып, тапталып қалған. 

Депутаттың сөзінше, көпшілік бірін-бірі таптап, қиналып жатқанда СОБР мен полиция жағдайды бақылап қана тұрған.

-Билет бағасы аспандап тұрды, бірақ ең қарапайым тәртіп пен жайлылықты да қамтамасыз ете алмады. Давка (қысым) болды. Жанымда бір кісілер кішкентай балаларымен, немерелерімен болды. Сол кезде бәрі балаларды қысып тастады. Көрермендер орындықсыз өткелде отырды, стадионда қозғалу мүмкін болмады, – деді депутат.

Базарбек клуб пен әкімдік тек ойын сапасына емес, ұйымдастыру деңгейіне де жауапты екенін еске салды. Ол сондай-ақ, 5 мың билеттің ұлттық компания қызметкерлеріне таратылғаны рас-өтірігін, ол қаржы қайдан алынғанын және билеттерді жаппай сатып алып, қайта сатқан кімдер екенін анықтауды талап етті. 

ІІМ: МАТЧ БАРЫСЫНДА БӘРІ ТЫНЫШ ӨТТІ 
Ал, ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов депутатқа қайшы мәлімдеме жасады. Вице министрдің сөзінше, ойын барысында ешқандай құқықбұзушылық, тәртіпсіздік болмады. Барлығы тыныш өткен. 

Матчты өткізу барысында полицияның кешенді күштері, оның ішінде Ұлттық ұлан да тартылған.

– Ауыр және аса ауыр қылмыстарға, сондай-ақ қандай да бір бұзақылық әрекеттерге жол берілген жоқ. Полиция мен жергілікті атқарушы органдар қоғамдық тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз етті, – деді ол.

Әділов билетсіз кірген көрермендерге қатысты мәселені спорттық құрылымдар қарайтынын атап өтті. Полицияның басты міндеті – қауіпсіздікті қамтамасыз ету болғанын және ол толық орындалғанын алға тартты.