Бизнесвумен Жанна Кан салық реформасына қатысты пікір білдіріп, көбірек еңбектеніп, көбірек төлеу қажет екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Жанна Канның айтуынша, елімізде адамдар салық төлеп үйренбеген, ал мемлекет біз үшін «бөтен нәрсе» іспетті, деп жазады bes.media. Оның сөзінше, прогрессивті салық жүйесінде ең алдымен ірі бизнес зардап шегеді.
– Швейцарияға, Америкаға, Францияға назар аударайықшы: ол жақта ақшаның орасан бөлігі, бәлкім жартысынан көбі салыққа кетеді. Бірақ адамдар соған үйренген, өйткені ол салықтар кейін өздеріне қайтып келеді, – дейді ол.
Салық төлеушілердің ақшасы мақсатты жұмсалса, Канның пікірінше, мемлекетке көмектесу қажет.
– Білесіздер ме, тұрақсыз мемлекетте өмір сүргеннен гөрі, салық төлеген дұрыс. Кез келген сәтте «Қаңтар» секілді оқиға қайталануы мүмкін немесе біреу бизнесіңді рейдерлік жолмен тартып алуы мүмкін. Ертең соғыс басталса да, тұрақсыздық болуы мүмкін. Сондықтан көбірек жұмыс істеу керек: көп тапсақ – көп береміз, көп берсек – көп қайтады, – деді Жанна Кан.
ҚАЗНЕТ РЕАКЦИЯСЫ
Threads қолданушылары бизнесвуменді қатаң сынға алды. Олар Қазақстанда салық төлеушілердің ақшасы «елді дамытуға емес, басқа жаққа кетеді» деп жазды. Кейбірі апатқа ұшыраған ЖЭО-ларды «қарапайым халықтың» қаржысына жөндегенін, ал дивидендтерді олигархтар, соның ішінде Жанна Канның күйеуі де алып отырғанын еске салды.
КОНТЕКСТ
Жанна Канның күйеуі Сергей Кан Forbes тізімінде 22-орында тұр. Оның байлығы – 470 млн доллар. Ол «ЦАТЭК» АҚ-ның 50%-ын және Александр Клебановпен бірге «ЦАЭК» АҚ-ның 47,1%-ын иеленеді. Бұған дейін де Жанна Кан қазақстандықтар тарапынан сынға ұшыраған. Ол кезде «әр қазақстандық өз борышы деп Louis Vuitton-нан бірдеңе сатып алуды санаймын» деген сөзі үшін оны қарапайым халықтың жағдайынан алшақ деп айыптаған болатын.