“Мазмұндама” баспасының негізін қалаушы, Гарвард түлегі, қоғам белсендісі Шыңғыс Мұқан қазақ бола тұра орысша сөйлесетіндер туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Шыңғыс Мұқан орысша сөйлесіп келе жатқан қазақтарды көрсе ашуланатынын жеткізді.
- Неге ашуланам? Өз баласы емес пе, керек десе африкаша сөйлессін деп өзімді жұбатам. Бірақ осы жайсыз сезімнен арыла алмай-ақ қойдым. Оған қоса, қазақтар маған орысша сөйлей бастаса, ішім кілт ете қалады. Қырсығып, қазақша жауап беремін. Осы қырсықтығымнан өзіме керек талай адаммен сөйлеспей қойғам, дейді ол.
Ол қазақ тілі ұйымын басқарып жүрген жігітпен болған әңгіме туралы айтты.
- Біраз бұрын қазір қазақ тілінің ұйымын басқарып жүрген бір жігітпен Астананың әуежайында әңгімелесіп тұр едім. Оның танысы болса керек, бір қазақ кісі келіп, оған орысша амандасып, сөйлесе бастады; қасымда тұрған жігіт ұялмай (без угрызения совести) орысша сөйлесіп кете барды. Қазір өте табысты жігіт. Мен болсам, қазақ тіліне сатқындық жасағандай, қазақша сөйлесер едім. Табысты болу үшін осы қасиеттен құтылу керек, қазақша, анау-мынау дегенді қою керек сияқты. Шүлдірлесе, шүлдірлеп, мяуласа, мяулап, үрсе, үріп жүре бергенге не жетсін?! Бірақ мына қырсық мінез оған жібермей тұр. Не істесем екен?, – дейді Шыңғыс Мұқан.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін Шыңғыс Мұқан қазақтілді ортаға кеңінен танымал Mazmundama баспасының кітаптары "Меломан" дүкендер желісінің сөресінен алынып тасталмақ екенін айтқан болатын.
СҰҚБАТ
Сонымен қатар, Шыңғыс Мұқан Ұлысмедиа бас редакторы Самал Ибраевамен қазақ тіліне қатысты мәселелер жайында толымды сұқбат құрған еді.