Дүкендер енді бағаны жасыра алмай ма: жаңа ереже бекіді

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Қазақстанда дүкендер мен онлайн-маркетплейстер 11 қазаннан бастап тауар құнын қолма-қол төлем кезінде және дүкеннің өз есебінен берілетін бөліп төлеу кезінде бөлек көрсетуі тиіс. Тиісті өзгерістерді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бекітті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БАҒА ЕНДІ ЕКІ ТҮРЛІ БОЛАДЫ

Жаңа тәртіпке сәйкес, ішкі сауда субъектілері, соның ішінде интернет-дүкендер де, тауар бағасын екі нұсқада ұсынуы қажет:

  • бір реттік төлеммен сату бағасы;

  • дүкеннің өз қаржысы есебінен бөліп төлеу бағасы.

«Ішкі сауда субъектісі тауарды өзінің қаражаты есебінен бөліп сату кезінде және біржолғы төлеммен сату кезінде бөлек бағаны көрсетуге тиіс», – деп құжатта жазылған.

БАНКТІҢ БӨЛІП ТӨЛЕУІНЕ ҚАТЫСТЫ ЕМЕС

Бұл талап тек дүкеннің өзі беретін бөліп төлеуге қатысты. Банктер ұсынатын бөліп төлеуге жаңа ереже әсер етпейді. Өйткені бұл норма қаржы ұйымдарының қызметін реттемейді.

11 ҚАЗАННАН БАСТАП ҚОЛДАНЫЛАДЫ

Министрлік бұйрығы алғашқы ресми жарияланған күннен бастап 10 күн өткен соң күшіне енеді. Демек, ол 11 қазаннан бастап міндетті түрде орындалуы тиіс.

ҮКІМЕТТЕГІ ТАЛҚЫЛАУ

Бұған дейін тамыз айында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баға белгілеу жүйесінде өзгерістер жоспарланып жатқанын айтқан.

Оның сөзінше, қазіргі бағаларға тауарды бөліп төлеу құны шамамен 15–20% көлемінде қосылып қойған.

"Сен түсінуің керек – бөліп төлегенде артық ақша бересің. Әркім өз мүмкіндігін есептеуі тиіс. Тұтынушыда таңдау болуы қажет: бірден төлеп, тауарды үстемесіз алу немесе бөліп төлеп, артық шығынға бару. Қазір жағдай керісінше – бірден төлегендер бөліп төлейтіндерді қолдап отыр", – деген еді Жұманғарин.

Бұл бастама Ұлттық банкпен бірлесіп талқыланды. Кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де қолдау білдірді.