Ақтөбе облысында 28 жастағы әйел қарапайым есінен танудан кейін психиатриялық ауруханада жатып шықты. Ақнұр Шәкірдің айтуынша, оны клиникада еркінен тыс ұстап, дәрі-дәрмек қабылдауға мәжбүрлеген. Диспансерде өткізген түн тек оның өзіне ғана емес, туыстарына да ауыр соққы болды. Енді жас мұғалім мұндай мәжбүрлі ауруханаға жатқызу оның мансабына кері әсер етуі мүмкіндігіне алаңдайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
28 жастағы Ақнұр Шәкір бес ай бұрын алғаш рет ана атанған. Бұл – оның көптен күткен перзенті, жеті жылдық некеден кейін экстрокорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) арқылы дүниеге келген сәби. Бірақ ана атану қуанышы қорқынышты түске айналды. Әйелдің айтуынша, бірнеше ұйқысыз түннен кейін өзін жайсыз сезініп, аз уақытқа есінен танып қалған. Күйеуі ауылдық медбикені шақырған. Алайда жағдай күтпеген жерден психиатриялық диспансерге жеткізумен аяқталды.
“Мені алдымен Алға аудандық ауруханаға апарды. Онда бірнеше дәрігер қарап, Ақтөбеде анализ тапсыру қажет деді. Мен ештеңе күдіктенбей келістім. Бірақ ақыры алдап, «психушкаға» жапты. Сол жерде бір түн өткіздім. Ұйықтай алмадым. Қасымда мінез-құлқы бұзылған науқастар болды. Медперсонал зорлап дәрі ішкізді. Мен өзімді сау екенімді айтып, барлық сұрақтарына жауап берсем де, ешкім тыңдамады”- дейді Ақнұр.
Ақнұрдың ата-анасы қызының не үшін психиатриялық мекемеге түскенін білуге тырысқан. Дәрігерлер мұны босанғаннан кейінгі депрессия деп түсіндірген.
“Психдиспансерде бізге «бала туғаннан кейінгі стресс» деді. 21 күн емдейміз, шығарылмайды, заң солай деді. Біз 102-ге қоңырау шалдық. Учаскелік полицей келді, бірақ көмектесе алмайтынын айтты. Қолымда бес айлық немерем жылап тұрды. Сол кезде дәрігерлер баланы тартып алып, балалар үйіне жібереміз деп қорқытты. Біз қорқып, шығып кеттік”- дейді анасы Гүлден Жаумитова.
Ақнұр еш жерде есепте тұрмаса да, диспансерде нақты себепті түсіндіруден бас тартқан. Тек жалпы тәртіпті сипаттаумен шектелген.
“Егер туыстары қандай да бір бұзушылық байқаса, өздері бізге алып келуі мүмкін. Мәселен, өз-өзіне қол жұмсау әрекеті немесе адам өзіне де, өзгелерге де қауіпті болған жағдайда. Біз 72 сағат ішінде туыстарына хабар береміз, тексереміз. Егер ешқандай ауытқу болмаса, әдетте шығарамыз” - дейді Ақтөбе облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Гүлмира Оразова.
Ал Ақнұрды Алға аудандық ауруханадан психдиспансерге жібергенін мекеме басшысы растады. Бірақ нақты диагнозды ашпады, тек «тревожные сигналы» болғанын айтып, жедел госпитализация қажет болды деді.
“Туыстарының өтініші бойынша науқас Алға аудандық ауруханаға жеткізілді. Кейін толық тексеру және ем алу үшін мамандандырылған клиникаға жіберілді” – дейді Алға аудандық орталық аурухананың басшысы Сержан Жанахметов.
Қазір Ақнұр ата-анасының қолында. Психиатриялық клиникадан оны күйеуінің қолхатымен шығарып алған. Ең қатты қорқатыны – диспансерде өткізген бір түн мен осы оқиға жұмысында қиындық туғызуы мүмкін.