Трамп Газаны бомбалауды тоқтатуды талап етті: әлем қауымдастығы қалай жауап берді

Сырым Қаржас
SBS News

АҚШ президенті Дональд Трамп ХАМАС барлық тұтқынды босатуға дайын екенін және соғысты тоқтату жөніндегі америкалық жоспардың бір бөлігін қолдайтынын мәлімдегеннен кейін, Израильді Газадағы әуе соққыларын тоқтатуға үндеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЕУРОПА РЕАКЦИЯСЫ

Еурокомиссия ХАМАС-тың бұл қадамын «үміт ұялататын белгі» деп атады. Комиссия өкілдерінің айтуынша, атысты дереу тоқтату және тұтқындарды босату қазір «қол жеткізуге болатын мақсатқа айналды».

ФРАНЦИЯ

Франция президенті Эммануэль Макрон бейбітшілікке жетудің «нақты мүмкіндігі барын» атап өтіп, Дональд Трамп пен оның командасына атқарған еңбегі үшін алғыс айтты.

– Барлық тұтқынның босатылуы мен Газадағы атысты тоқтату – жүзеге асуы мүмкін мақсат. ХАМАС өз міндеттемесін дереу орындауға тиіс. Қазір бізде бейбітшілікке қарай шешуші қадам жасау мүмкіндігі бар… Президент Трамп пен оның командасына бейбітшілік ісіне адалдығы үшін алғыс айтамын, – деп жазды Макрон X желісінде.

ГЕРМАНИЯ

Германия канцлері Фридрих Мерц соғыс қимылдарын дереу тоқтатып, ХАМАС-ты қарусыздандыруды талап етті. Ол бұл жағдайды «кейінгі екі жылдағы бейбітшілікке жетудің ең жақсы мүмкіндігі» деп атады.

ҰЛЫБРИТАНИЯ

Ел премьер-министрі Кир Стармер АҚШ жоспарын қолдап, оның тараптарды «бұрын-соңды болмағандай жақындатқанын» атап өтті.

ИСПАНИЯ

Испания сыртқы істер министрі Хосе Луис Альбарес ХАМАС-тың қадамын құптай отырып, бейбітшілікке жету жолы әлі де күрделі екенін айтты. Ол Палестина халқы мен Израиль халқының бейбіт өмір сүруі үшін өміршең палестиналық мемлекеттің құрылуы қажет екенін атап өтті.

– Бұл соңғы қадам емес, әлі де көп кедергі бар. ХАМАС қарусыздандырылуға тиіс. Біз Израиль армиясының топқа қарсы барлық әскери іс-қимылды толық тоқтатуын қалаймыз. Палестина мен Израиль халықтары үшін бейбітшілік тек өміршең палестиналық мемлекет құрылған жағдайда ғана мүмкін болады, – деді Альбарес RTVE арнасына берген сұхбатында.

ИРЛАНДИЯ ЖӘНЕ ҮНДІСТАН

Ирландия сыртқы істер министрі Саймон Харрис «бомбалауды тоқтатуға, қаруды үнсіз қалдыруға және гуманитарлық көмекті қамтамасыз етуге» үндеді.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди тұтқындарды босату ниетін «маңызды ілгерілеу» деп бағалап, АҚШ-тың бейбіт бастамасын қолдайтынын білдірді.

ИОРДАНИЯ

Иордания Сыртқы істер министрлігі де бұл бастаманы құптап, екі мемлекеттің негізінде бейбіт процесті қайта бастауға үндеді. Ел Египет пен Катарға арағайындық рөлі үшін алғыс айтты.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін палестиналық ХАМАС қозғалысы Израильдің барлық тұтқынын қайтаруға дайын екенін мәлімдеген еді. Ұйым көшбасшылары Дональд Трамп ұсынған бейбітшілік жоспарының шарттарын қабылдайтынын хабарлады.

АҚШ президенті Трамп бұл мәлімдеме ХАМАС-тың бейбітшілікке дайын екенін көрсететінін айтып, Израильді Газаны бомбалауды тоқтатуға шақырды.