Қырғызстанда өлім жазасын қайта енгізу жөнінде референдум өткізілуі мүмкін

Сырым Қаржас
Ric Feld / AP

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елде өлім жазасын қайта енгізу мәселесіне қатысты бүкілхалықтық референдум өтуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жапаровтың айтуынша, елде әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты кісі өлтіру және зорлау қылмыстарының саны артып келеді, ал қазіргі жаза мерзімі қылмыскерлерге тоқтау бола алмай отыр.

Мемлекет басшысы өлім жазасы сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қолданылмайтынын атап өтті.

– Бұл тек қатыгездікпен кісі өлтіру мен педофилияға қатысты, – деді ол.

Жапаров бұл мәселе халықпен кеңесе отырып шешілетінін айтты:

– Біз бұл шешімді өзіміз қабылдамаймыз. Халықпен ақылдасамыз. Көпшілік қолдаса, онда Конституция мен заңдарға өзгеріс енгізу және халықаралық міндеттемелерді қайта қарау қажет болады, –  деді ол.

Президенттің айтуынша, бастаманың басты мақсаты — әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауды күшейту. Ол мұндай маңызды шешімді тек халықтың өзі қабылдауға тиіс екенін атап өтті.