АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, Газа секторында атысты тоқтату режимі палестиналық радикал қозғалыс ХАМАС Ақ үй ұсынған жоспармен ресми түрде келісімін растаған соң бірден күшіне енеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ол бұл туралы 4 қазан күні өз платформасы – Truth Social-де жазды. Трамптың айтуынша, келісім расталғаннан кейін кепілге алынған адамдар мен тұтқындарды алмастыру басталып, күштер кезең-кезеңімен шығарылады. Бұл, оның сөзімен айтқанда, «үш мың жылға созылған қақтығыстың аяқталуына жақындатады».
АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, Израиль Ақ үй ұсынған «бастапқы шегіну желісімен» келісімге келді. Ал Ақ үй бұл картаны ХАМАС-пен бөліскен. Алайда бұл желі қыркүйектегі ірі шабуылға дейін Израиль бақылайтын аумақтармен шамалас деп көрсетілгенімен, бұл дерек даулы. Түрлі ақпарат көздеріне сүйенсек, сол кезде Израиль әскері Газа секторының шамамен 70 пайызын, соның ішінде Рафах пен Хан-Юнистің бір бөлігін бақылауда ұстаған.
ИЗРАИЛЬ ТАРАПЫ НЕ ДЕЙДІ?
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху әскердің позициясын өзгертетінін, бірақ сектор ішіндегі стратегиялық маңызды аудандар бақылауда қалатынын растады. Ол ХАМАС-ты толық қарусыздандыру және Газаны демилитаризациялау үшін барлық – дипломатиялық та, әскери де тәсілді қолданатынын айтты.
Нетаньяху кеңсесінің мәлімдемесінде Израиль АҚШ жоспарының алғашқы кезеңін «дереу орындауға дайын» екені және бұл бағытта Ақ үймен бірлесіп әрекет ететіні атап өтілді. Елдің саяси басшылығы әскери күштерге анклавтағы шабуылды қысқарту туралы нұсқау берген.
Бұған дейін Трамп ХАМАС тұтқындарды босатуға және АҚШ жоспарының шарттарын орындауға дайын екенін мәлімдегеннен кейін Израильге Газаны бомбалауды тоқтатуға шақырған еді.