Израиль мен ХАМАС арасындағы келіссөздер Мысырда өтеді

Сырым Қаржас
Majdi Fathi / Reuters

Израиль делегациясы мен палестиналық ХАМАС қозғалысының өкілдері арасындағы келіссөздер 6 қазанда Мысырда өтеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мысыр СІМ мәліметінше, тараптар Израиль тұтқындары мен түрмелердегі палестиналықтарды айырбастау мәселесін талқылайды. Каирдің ақпаратынша, кездесу АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған бейбіт жоспардың бір бөлігі болмақ. Алдын ала дерек бойынша, келіссөздер тікелей форматта өтпейді.

Кездесудің нақты орны ресми түрде жарияланбады: израильдік Ynet басылымы мен бірқатар БАҚ мәліметінше, келіссөздер Шарм-эш-Шейх қаласында өтеді, ал CNN Arabic телеарнасы олардың Каирде болатынын хабарлады. Израиль делегациясын стратегиялық жоспарлау министрі әрі премьер-министр Биньямин Нетаньяхуның сенімді өкілі Рон Дермер басқарады деп жоспарланып отыр.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін ХАМАС өкілдері «Трамп ұсынған айырбас формуласына» сәйкес, тірі қалған тұтқындарды және қаза тапқандардың денелерін қайтаруға дайын екенін мәлімдеген. Сондай-ақ қозғалыс Газаны басқаруды «палестиналық ұлттық келісім мен араб және ислам әлемінің қолдауына негізделген тәуелсіз органға» беруге келісетінін айтқан.

Дегенмен ХАМАС АҚШ жоспары қарастырған қарусыздану мәселесіне қатысты түсінік берген жоқ.