Гималай тауларындағы аймақтарда толассыз муссондық жаңбыр жауып, лай көшкіні мен өзендердің тасуына әкелді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Құтқарушылар жол қатынасы үзілген таулы ауылдарға жаяу, тікұшақ және моторлы қайықпен жетуге мәжбүр болды. Олар тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп, зардап шеккендерге көмек көрсетуде.
Непалдың табиғи апаттармен күрес жөніндегі ұлттық басқармасының мәліметінше, 5 қазан таңына қарай нөсер мен көшкін салдарынан кемінде 43 адам көз жұмды, тағы бес адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Қайтыс болғандардың басым бөлігі – елдің шығысындағы Илам ауданында (37 адам).
Reuters агенттігінің дерегінше, Непалда жалпы 47 адамның қаза тапқаны тіркелген, бірнеше ауылды лай көшкіні толықтай шайып кеткен. Ал Үндістанның Батыс Бенгалия штатындағы Даржилинг ауданында да нөсер жаңбыр мен көшкін болып, үйлер мен жолдар қираған. Жоғарғы палата депутаты Харш Вардхан Шрингланың айтуынша, 20-дан астам адам мерт болған.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, жағдай биліктің ерекше бақылауында екенін жеткізді.
Табиғи апат 3 қазанда басталған. Қираған жолдар мен бөгелген автомагистральдар құтқару жұмыстарын қиындатты. Сондықтан әскерилер мен құтқарушылар тікұшақ пен моторлы қайықтарды пайдаланып жатыр.