Қазақстандағы азық-түлік бағасы Дубаймен теңесті

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Бірнеше жыл бұрын БАӘ-ге қоныс аударған қазақстандық әйел еліміздегі азық-түлік бағасы Дубаймен шамалас екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жанна Тоғызбаева 2018 жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне көшіп кеткен. Оның айтуынша, Қазақстанда екі жоғары білімі болғанына қарамастан, жақсы жұмыс табу мүмкін болмаған. Ал Дубайдағы өмірі өзіне ұнайды, тек баға деңгейі ғана қиындық тудырады — тіпті азық-түлік алу да қымбатқа түседі. Дегенмен ол қазіргі таңда Қазақстандағы бағаның да айтарлықтай өскенін айтады.

– Дубай, әрине, қымбат қала. Бірақ егер мен Қазақстан мен Дубайдағы азық-түлік бағасын салыстырсам, үлкен айырмашылық жоқ. Биыл Қазақстанға барғанымда сүттің бағасын көріп таңғалдым. Мұнда мен сүтті қаншаға сатып аламын – шамамен сол баға, айырмашылық 5 пайыздай ғана. Бұл өте өкінішті, себебі мен Дубайдағы орташа жалақыны білемін. Ондай жалақы алатын адам осындай бағада азық-түлік сатып алуға қауқарлы. Мен үшін қиын емес: сүт қымбат па, арзан ба – ойланбастан аламын. Ал Қазақстанда сүттің бағасы мұндағыдай екенін көргенде қатты таңғалдым, – дейді ол.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар азық-түлік қымбатшылығы туралы жаппай жаза бастаған болатын.