«Дем саламын»: Ақтөбеде алаяқ емші сотталды

Ілияс Бақыт
Видеодан скриншот

Ақтөбеде жүзден аса адамды сан соқтырған халық емшісі 6 жыл 8 айға сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz  "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

КІШКЕНТАЙ БАЛАЛАРЫН ЕСКЕРГЕН

Бірақ ол жазасын екі жылдан соң ғана өтейді. Себебі, судья кішкентай екі баласын ескерген. 

“Алты жыл сегіз айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ҚР ҚК 74-бабы 1-бөлігінде сотталушының кішкентай баласының болуына байланысты жазасын орындауды екі жылға кейінге қалдырды. Ол заңда белгіленген, көрсетілген”- деді Ақтөбе №2 сотының судьясы Тұрсынхан Салықов.

Бұған дейінгі сот отырыстарында қатысушылардың көптігінен ине шаншар орын болмайтын. Ал үкімді тыңдауға келгенде көпшілік жинала қоймады. Сұлушаш есімімен өңірге танымал келіншек науқастарға миллиондап несие алдырған. Қызығы сол, алданғандар қалай басы айналып қалғанын білмейді. Сотта нақты жәбірленуші деп 136 адам танылды. Оның ішінде емшінің ет жақын туыстары да, сыныптастары мен ауылдастары да бар. «Дем саламын» деп, бәрінің басын айналдырған. Кейбіріне мешіт пен медициналық орталықтың құрылысына, енді біреулерге мүгедек баламның еміне қажет деп ақша сұраған. Жәбірленушілер гипнозда жүргендей күй кештік, несиені қалай алып, қолма-қол қалай санап бергенімізді білмей қалдық деп отыр.

“Қазбаева Сұлушаш өзі шығындарды, халықтан алған несиелерін өтеуге, сот мәжілісі кезінде де бәрін өзі айтты. «Мен өтеймін, ешкімнің ақшасын жемеймін» деді. Енді бұл жағдай оның қаржы сауатсыздығынан деп ойлаймын”- деді қорғаушы Эльмира Жұмабаева.

Халық емшісінің келтірген жалпы шығын көлемі 579 миллион теңгеден асады. Бірақ бұл сома тағы артуы мүмкін. Себебі, жәбірленушілердің банк алдындағы қарызы да ай сайын көбейіп отыр. Емшінің адвокаты үкімге риза екендіктерін айтты.