АҚШ президенті Дональд Трамп ХАМАС пен Израиль арасындағы атысты тоқтату туралы ресми келісімге қол қою үшін Египетке баратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz NBC News агенттігіне сілтеме жасап.
ТРАМП: “БІЗ МЫСЫРҒА БАРЫП, ҚОСЫМША ҚОЛ ҚОЮ РӘСІМІН ӨТКІЗЕМІЗ”
Бұл туралы Трамп 9 қазан күні Ақ үйде өткен Министрлер кабинетінің отырысында айтты.
“Мен баруға тырысамын. Қазір нақты уақытын пысықтап жатырмыз. Біз Мысырға барып, келісімге қосымша қол қою рәсімін өткізбекпіз. Бұған дейін де бір рет қол қою болған”, – деді АҚШ президенті.
Трамп сонымен қатар Газа секторындағы тұтқындар дүйсенбі немесе сейсенбі күні босатылады деп күтілетінін хабарлады.
“БІЗ ТАРИХИ НӘТИЖЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІК” – ТРАМП
“Өткен түні біз Таяу Шығыста көптеген адамдар мүмкін емес деп санаған тарихи жетістікке қол жеткіздік. Біз Газа соғысына нүкте қойдық, барлық қалған тұтқындардың босатылуын қамтамасыз еттік”, – деді президент Ақ үйдің X (бұрынғы Twitter) парақшасында.
Бұған дейін Трамп жексенбі күні Израильге баруы мүмкін екенін де хабарлаған, бірақ сапар уақыты нақты бекітілмеген.
ХАМАС ПЕН ИЗРАИЛЬ БЕЙБІТ КЕЛІСІМГЕ КЕЛДІ
Еске сала кетсек, бұған дейін Дональд Трамп Израиль мен ХАМАС арасында бейбіт келісімнің алғашқы кезеңі жүзеге асқанын жариялаған болатын. ХАМАС өкілдері де келісімге қол жеткізілгенін растады. Ол бойынша Израиль әскері Газа секторынан шығуға, ал тараптар соғысты тоқтатуға міндеттеледі.
ХАМАС ұйымы Трампқа қақтығысты тоқтатудағы күш-жігері үшін алғыс білдіріп, АҚШ пен басқа елдерді Израильдің келісімді орындауын қадағалауға шақырды.
Израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, ХАМАС тұтқындарын босату рәсімі 11 қазан, сенбі күні өткізіледі.