Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов өз табысын жария етуден тағы да бас тартты. Ол жалақысының «қызметтік пайдалануға арналған» мәртебесі бар екенін айтып түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Бұл шешімді мен қабылдаған жоқпын»
Ulysmedia.kz тілшісі қойған сұрақ Ұлттық банк басшысының жалақысын қарапайым қазақстандықтардың табысымен салыстыруға қатысты болды, яғни «елдің басты қаржыгері қаншаға күн көреді?» деген сауал қойылған.
– Мен бұл мәселеге қайта оралғым келмейді, біз оны бұрын да талқыладық. Жалақыны мен белгілеген жоқпын. Оның “қызметтік пайдалануға арналған” деген мәртебесі бар және бұл белгі бұрыннан қойылған. Мен оны өз бетімше алып тастай алмаймын. Егер заң шығарушы немесе осындай мәртебені белгілейтін орган оны алып тастаса, мен бөлісуге еш қарсылығым жоқ. Бірақ әзірге ол бар болғандықтан, мен заңды бұза алмаймын, – деді Сүлейменов Ulysmedia.kz сұрағына жауап бере отырып.
Бұған дейін қоғамда жоғары лауазымды шенеуніктердің табысын ашық жариялау туралы ұсыныстар жиі көтерілген. Сүлейменовтің мәлімдемесі бұл тақырыпқа қатысты пікірталасты қайта жандандырды.