Мұғалімдерге WhatsApp пен Telegram қолдануға тыйым салынды

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Қарағанды техникалық университеті отандық AITU мессенджеріне көшу және шетелдік интернет-ресурстарға қолжетімділікті шектеу туралы бұйрық шығарды. Бұл туралы оқу орнының 7 қазандағы ресми құжаты әлеуметтік желілерде таралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚҰЖАТ МАЗМҰНЫ

Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті 2025 жылдың 13 қазанынан бастап қызметкерлер мен оқытушылар құрамына тек @ktu.edu.kz корпоративтік пошта мекенжайын пайдалануды және жұмыс барысындағы барлық байланыстарды AITU мессенджері арқылы жүргізуді міндеттеді.

AITU серверлері Қазақстан аумағында орналасқан. Сол күні университетте техникалық тексеріс жүргізіліп, одан кейін шетелдік платформаларға — Facebook, Instagram, VK, TikTok, сондай-ақ mail.ru, yandex.ru, gmail.com сияқты пошталық қызметтерге және WhatsApp, Telegram, Viber мессенджерлеріне (заңмен рұқсат етілген жағдайлардан басқа) қолжетімділік шектеледі.

БАСШЫЛАРҒА ТАПСЫРМА БЕРІЛДІ

Университеттің құрылымдық бөлім басшыларына бұл бұйрықпен қызметкерлерді 13 қазанға дейін таныстыру тапсырылған. Құжатқа стратегиялық даму және цифрландыру жөніндегі проректор Қанапиянов, ДИТ директоры Әубәкіров, және ақпараттық қауіпсіздік инженері Читян қол қойған.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдегендей, 2025 жылдың 15 қыркүйегіне дейін Қазақстандағы барлық мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдар AITU мессенджеріне толық көшеді. Бұл шешім «Цифрлық штабтың» жасанды интеллектті дамыту мәселелері жөніндегі отырысында жарияланған болатын.