Қазақстанда бензин қымбаттайды - сарапшы

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Соңғы екі айда Қазақстандағы жанармай құны үздіксіз өсіп келеді. Мамандардың болжауынша, бензин мен дизель отыны алдағы уақытта тағы да қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БАҒАНЫҢ ӨСУ СЕБЕБІ

Энергетика министрлігі бағаның көтерілуін 2025 жылдың ақпанында күшіне енген мемлекеттік баға реттеуінің алынып тасталуымен байланыстырады. Бұл шешім ішкі нарықты тұрақтандырып, отын қорының артуына ықпал еткен. Министрліктің мәліметінше, жазға қарай АИ-92 қоры 70%, дизель 78% өскен.

Алайда сарапшылар баға өсімін басқа факторлармен түсіндіреді. Экономист Айдархан Құсайыновтың айтуынша, нарық либералданбағандықтан, ішкі мұнай бағасы әлемдік нарықпен байланыспайды. Мұнай өндірушілер өнімдерін арзан бағамен ішкі нарыққа беруге мәжбүр, бұл олардың шығынын арттырып отыр.

ЭКОНОМИСТЕРДІҢ ПІКІРІ

Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов те жанармай бағасы өсе береді деп санайды. Оның айтуынша, қазақстандық мұнай өндірушілер шикізатты ішкі нарыққа барреліне 20–25 доллардан өткізеді, ал өндіріс құны — шамамен 40 доллар. Бұл компанияларды шығынға ұшыратуда.

Сондай-ақ, Ресейдегі мұнай инфрақұрылымына жасалған шабуылдар да жанама түрде әсер етуі мүмкін. Сарапшының айтуынша, Ресейде жанармай тапшылығы байқалып отыр, бұл Қазақстанға жеткізілім көлемінің қысқаруына әкелуі ықтимал.

РЕСЕЙГЕ ТӘУЕЛДІЛІК

Қазіргі таңда Қазақстан жылына шамамен 18 млн тонна мұнай өңдейді, оның ішінде 1,5 млн тонна жанармай Ресейден бажсыз импортталады. Сарапшылардың айтуынша, ел ресейлік отынға тәуелді, ал отандық мұнай өңдеу зауыттары жиі жөндеуге тоқтап тұрады.

БАҒАЛАРДЫ САЛЫСТЫРУ

Салыстырмалы түрде қарасақ, АИ-92 бензинінің орташа бағасы Ресейде 400 теңге, Қырғызстанда 440 теңге, Өзбекстанда 550 теңге, Арменияда 730 теңге болса, Қазақстанда әзірге 235 теңге шамасында.