Биыл Қазақстанда жасөспірімдер тарапынан 1600 қылмыс тіркелді. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Министрдің айтуынша, жасөспірімдер қылмыстарының басым бөлігі ұрлық, бұзақылық, тонау және есірткі айналымына қатысты деректерден тұрады.
- Негізгі себеп – ата-аналардың балаларын бақылаусыз қалдыруы. Түнде көшеде жүрген балаларға қатысты 107 мың ата-ана және 1900 ойын-сауық мекемесінің иесі жауапкершілікке тартылды. 4 200 қараусыз бала Бейімдеу орталығына жеткізілді. Сондай-ақ 5 100 бала мен міндетін жүйелі орындамайтын 6 400 ата-ана есепке алынған. Құрдастарына теріс әсер ететін 1 800 бейресми “көшбасшы” анықталды. Олармен жұмыс барысында қорқытып ақша алудың 59 фактісі әшкереленді,-деді министр.
Сондай-ақ өткен жылы енгізілген түзетулер аясында буллинг үшін 256 құқық бұзушы жауапқа тартылған. Министрлік балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов қазіргі балалардың қатыгез екенін жасырмады. Оған ата-ана тәрбиесі тікелей әсер ететінін алға тартты.
КОНТЕКСТ
Қазақстан бойынша шамамен 75 кәмелетке толмаған бала қамау орындарында жазасын өтеуде. Сонымен қатар, Алматы облысындағы Жаугашты ауылында орналасқан әйелдер колониясында шамамен 600 сотталған әйел бар. Сол мекеме жанындағы Бөбектер үйінде 50-ден астам бала аналарының қасында өмір сүруде.
Биыл елде Конституцияның 30 жылдығына арналған рақымшылық жарияланған болатын. Ол бірқатар сотталғандар санатына, соның ішінде жасөспірімдерге де қатысты қолданылып, кейбірі мерзімінен бұрын босатылды.