Қырғызстанда өлім жазасын қайта енгізуді талқылау басталды

Сырым Қаржас
Фото: aif.ru

Қырғызстан президенті әкімшілігі ел Конституциясына өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасын қоғам талқысына ұсынды. Құжатта балаларды зорлау және зорлаумен ұштасқан кісі өлтіру қылмыстары үшін өлім жазасын қолдануға рұқсат беру ұсынылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Заң жобасы нені қамтиды

Жобаға сәйкес, Конституцияның 25-бабының бірінші бөлігі жаңа редакцияда жазылады. Онда әр адамның өмір сүруге ажырамас құқығы сақталады, бірақ қосымша тармақ енгізіліп, «өлім жазасы тек балаларды зорлау және зорлаумен ұштасқан кісі өлтіру үшін ғана қолданылуы мүмкін» деп көрсетіледі.

Бастаманы президент әкімшілігі ұсынған. Заң жобасында 2010 жылы қабылданған, Қырғызстанды өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативтік хаттамасына қосылу туралы заңның күшін жою қарастырылған. Сыртқы істер министрлігіне БҰҰ-ға тиісті міндеттемелерден шығу жөнінде хабарлау тапсырылған.

Егер түзетулер референдум арқылы қабылданса, Жогорку Кенеш Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне тиісті өзгерістер енгізеді.

Балалар мен әйелдерге қарсы қылмыстардың көбеюі

Құжатта заң жобасының негізгі мақсаты — «балалар мен әйелдердің өмірі мен денсаулығын қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғау» деп көрсетілген. Бас прокуратураның деректері бойынша, соңғы жылдары осындай қылмыстар саны артып келеді.

Kaktus.media мәліметінше, 2024 жылы әйелдер мен балаларға қарсы 43 кісі өлтіру тіркелсе, 2025 жылдың алғашқы сегіз айында олардың саны 28-ге жеткен. Зорлау фактілері бойынша 2024 жылы 107 жағдай анықталған, оның 88-і кәмелетке толмағандарға қатысты болған.

Құжат авторлары ресми статистика нақты жағдайды толық ашпайтынын атап өтеді, себебі көптеген қылмыстар қоғамда жариялаудан қорқу себепті жасырын қалып отыр.

- Балалар мен әйелдерге қарсы кез келген зорлық-зомбылыққа ең қатал жаза қолданылуы тиіс деген нақты шекара орнату уақыты келді, – делінген заң жобасында.

Халықаралық нормаларға сәйкестік

Жоба авторлары Бала құқықтары туралы БҰҰ конвенциясына және Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты жою туралы декларацияға сілтеме жасайды. Сонымен қатар, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт «ең ауыр қылмыстар» үшін өлім жазасын қолдануға рұқсат беретінін атап өтеді.

Сондықтан бастама иелері өлім жазасын қайта енгізу халықаралық нормаларға қайшы келмейді деп есептейді — егер ол тек ерекше жағдайларда және сот шешімі негізінде қолданылса.

Қоғамдық пікір және резонанс

Заң жобасын талқылау koomtalkuu.gov.kg порталында басталды. Инициатива қоғамда кең талқылау туғызды. Оның негізгі себебі — 17 жастағы Айсулуудың өлімі, ол ел ішінде үлкен резонанс тудырған еді.

Президент Садыр Жапаров бұл мәселе тек жалпыхалықтық дауыс беру арқылы шешілуі тиіс екенін мәлімдеді. Ал құқық қорғаушылар өлім жазасы қылмыстардың алдын алмайтынын айтып, әйелдер мен балаларды қорғау жүйесінің әлсіздігін сынға алды.

Олар билікке зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық қорғау органдарын оқыту және зардап шеккендерді кешенді қорғау шараларын қамтитын ұлттық бағдарлама әзірлеуді ұсынды.