Газа секторын қайта қалпына келтіруге шамамен 61 млрд еуро қажет. Бұл туралы БҰҰ-ның жоғары лауазымды өкілі Яко Силлиерс мәлімдеді. Оның айтуынша, қалпына келтіру мерзімі алынған қаржы көлеміне байланысты болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫН МҮМКІНДІГІНШЕ ЕРТЕ БАСТАУ ҚАЖЕТ
БҰҰ атысты тоқтату туралы келісім орнаған соң, Газа секторында қалпына келтіру жұмыстарын барынша ерте бастауды ұсынды.
Женевада өткен брифингте БҰҰ Даму бағдарламасы аясында Палестина аймақтарына көмек көрсету жөніндегі арнайы өкіл Яко Силлиерстің айтуынша, ең алдымен соғыс кезінде қираған ғимараттардың қалдықтарын тазалау қажет. Қалпына келтіруді бастау үшін 55 миллион тоннадан астам құрылыс қалдығын шығару керек.
ҚИРАУ АУҚЫМЫ МЕН ҚАРЖЫ МӨЛШЕРІ БЕЛГІЛЕЙДІ
"БҰҰ, Еуропалық одақ және Дүниежүзілік банк бірлесіп жүргізген алдын ала бағалау нәтижесіне сәйкес, Газа секторын қалпына келтіруге шамамен 70 млрд доллар (61 млрд еуро) қажет", — деді Силлиерс.
Оның айтуынша, ұйымдардың міндеті — қирау ауқымын анықтап қана қоймай, қай аймақтарға басымдық беру керектігін айқындау.
БАРЛЫҚ АЙМАҚТАР ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛМЕУІ МҮМКІН
"Бәлкім, барлық аумақтар қалпына келтірілмейді", — деп атап өтті БҰҰ өкілі.
Алдағы үш жыл ішінде 20 млрд доллар (17,3 млрд еуро) жұмсау жоспарланған.
Силлиерстің айтуынша, қалпына келтіру нақты қанша уақыт алатынын болжау қиын. Процесс толық аяқталуы ондаған жылға созылуы мүмкін, бұл тікелей халықаралық қаржыландыру көлеміне тәуелді.