Ұлттық арналарда қыз алып қашу әлі насихатталып жүр - Әбенов

Сымбат Сатыбалдина
коллаж: ulysmedia.kz

Ұлттық арналарда қыз алып қашу әлі насихатталып жүр. Бұл туралы мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

Депутат бұл мәселеде ішкі істер министрлігі мен мәдениет және ақпарат министрлігі бірігіп жұмыс істеуі керек дейді. 

- Қыз алып қашу бойынша біраз жыл талқыладық. Президент те қолдады. Заңға енгіздік. Бір қарасақ бұқаралық ақпарат құралдарында түсінбейтін жағдайлар бар. Журналистер “заңды қабылдадыңыздар, дым болып жатқан жоқ қой” деп бір айтты. Мәдениет министрлігінде қыз алып қашуға қатысты қозғалған қылмыстық істерді насихаттау өте аз. Ұлттық арнада сериал болып жатыр. Ол жерде “көнбесе алып қашамын, мені де алып қашқан. Ештеңе қылмайды, аман есен жүрмін” дейді. Бұл не сонда? Сонда ұлттық арна мемлекеттік саясатқа қарсы ой жүргізіп жатыр ма? Екі министрлік (ІІМ, мәдениет) бір-бірін естімей ме деген ой келді. Біз заң шығарамыз. Ол заңға немқұрайды қарап, менсінбей, күлкі қылған дұрыс емес, – дейді депутат. 

МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ

Ішкі істер министр Ержан Сәденов контентті қадағалау бойынша заң жобасында да қаралғанын айтады. 

- Мәдениет министрлігі фильм немесе басқа жағдайда бұғаттап, бізге береді. Біз сараптама жүргізіп, шешім қабылдаймыз. Теріс насихатты анықтау бойынша жұмыс жүргізіп, бірігіп жұмыс істейміз. Кейде арасында кетіп қалатын шығар, ол кемшілік. Жаңа заң бойынша нақтылау жұмыстарын жүргіземіз, – дейді министр. 

Артынша депутат Ринат Зайытов көркем шығармалардағы қыз алып қашу жайлы да айтты. 

- Ертең “Мен жасымда, жігіттер, топтан астым, бір күнде сегіз қызды алып қаштым” дегендерді де соттап жүрмейміз бе? “Егер мені шын сүйсең, асыл еркем, ертең, кешке, дайын тұр қашуыңа!” деген халық әні бар. Сондықтан сараптаманы кім жасайды? Көркем шығармаларды қалай қорғаймыз? Ертең фольклорымыздан айырылып қалып жүрмейік, – дейді депутат. 

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов “ондай әндерді айту үшін Иманжүсіп” болу керегін айтып, әзілдеді. 

Ал мәдениет министрлігінің өкілі Конституция бойынша цензураға тыйым салынғанын айтады.  

БҰҒАН ДЕЙІН

19 тамызда некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапқа тарту туралы заң күшіне енді. Енді қыз алып қашқандар 10 жылға дейін сотталуы мүмкін. Күні кеше қыз алып қашуға қатысты алғашқы қылмыстық істер қозғалғаны белгілі болды.