АҚШ пен НАТО одақтастары Украинаға қару-жарақ сатып алу көлемін арттырады деп күтеді. Бұл Украина қорғанысын күшейтіп, соғысты бейбіт жолмен аяқтауға жақындатуға тиіс, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Украинадағы соғыс үш жылдан астам уақытқа созылып, Ресей ұшақтары мен дрондарының Еуропа әуе кеңістігін бұзуы жиілеген тұста НАТО бас хатшысы Марк Рютте мен АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Солтүстік Атлант альянсына мүше елдерді Украинаға арналған америкалық қаруды көбірек сатып алуға шақырды.
— Біз көбірек елдердің қосымша қаражат бөліп, жаңа сатып алулар жасайтынын күтеміз, бұл Украинаға қолдау көрсетеді, — деді Хегсет 15 қазанда Брюссельде өткен НАТО конференциясы аясында.
Ол АҚШ пен НАТО-ның бірлескен бағдарламасына сілтеме жасады. Бұл бағдарлама арқылы одақтастар Украина қажеттілігі үшін АҚШ қоймаларынан қару-жарақ сатып ала алады. Министрдің айтуынша, бұл жеткізілімдер "Украинадағы соғысты бейбіт жолмен аяқтау үшін қажет".
— Бейбітшілік күшті болғанда ғана орнайды. Қарсыластарың сыйлайтын нақты әрі қуатты мүмкіндіктер болғанда ғана сен мықтысың, — деді Хегсет.
Бұл механизм Prioritized Ukraine Request List (PURL) деп аталады. Оны биыл шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп пен НАТО бас хатшысы Марк Рютте мақұлдаған. Бағдарлама бойынша одақтастар Украина үшін АҚШ-та өндірілген қаруды сатып ала алады. Қазіргі таңда PURL арқылы шамамен 1,9 млрд еуро көлеміндегі жеткізілім қаржыландырылды, оның бір бөлігі Германия есебінен.
ЖАҢА УӘДЕЛЕР
Марк Рюттенің айтуынша, осы жолғы НАТО конференциясында бағдарламаны қолдауға ниетті елдер тарапынан "көптеген жаңа бастамалар" күтілуде. Германиядан бөлек, Нидерланд, Швеция, Норвегия, Дания және Канада айтарлықтай үлес қосқан. Ал Ұлыбритания, Франция мен Испания әзірге ірі міндеттемелерден тартынуда.
Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус кейбір қару түрлері тек АҚШ-та өндіріледі деп атап өтті.
— Біз оларды сатып ала алатынымызға қуаныштымыз, — деді.
ДРОНДАРҒА ҚАРСЫ ҚОРҒАНЫСТЫ КҮШЕЙТУ
НАТО соңғы дрон оқиғаларына жауап ретінде қарсыдрондық қорғаныс жүйесін жылдам құруды жоспарлап отыр. Писториустың айтуынша, Рютте бұл бағытта Украина тәжірибесін ескеретін жоспарды ұсынған. Украина соғыс жылдарында арзан әрі тиімді дронға қарсы технологиялар жасап шығарған.
Писториус бұл жоспардың Еурокомиссияның Шығыс ЕО шекарасы бойында "антидрон қабырғасын" құру бастамасымен байланысы бар-жоғын нақтыламады.
— Қайталану жоқ. НАТО әскери қырларын атқарады, ал ЕО — қаржыландыру мен үйлестірумен айналысады. Бұл екеуінің үйлесімі өте маңызды, — деді.
ГЕРМАНИЯНЫҢ НАТО МИССИЯЛАРЫНА ҚАТЫСУЫ
Борис Писториус Германияның НАТО-ның әуе кеңістігін қорғау миссияларына қатысуын кеңейту жоспарын жариялады. Бұған сәйкес, бундесвер Польшада қызмет ету үшін бірнеше Eurofighter ұшағын жібереді. Нақты саны әзірге белгісіз.
БҰҒАН ДЕЙІН
Қыркүйекте Ресейдің 19 дроны Польшаның әуе кеңістігін бұзған соң, Германия Росток-Лааге базасындағы Eurofighter санының екіден төртеуге дейін көбейткен болатын. Сонымен қатар, неміс истребительдері НАТО-ның Enhanced Air Policing South ("Оңтүстіктегі әуе кеңістігін күшейтілген бақылау") операциясына қатысып жатыр.
НАТО қорғанысты нығайтумен қатар, Украинаға Ресейге қарсы қарсышабуылдарын күшейтуге көмектесудің жолдарын іздеуде. Украина президенті Владимир Зеленский 17 қазанда Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамппен ұзақ қашықтыққа ұшатын Tomahawk қанатты зымырандарын жеткізу мүмкіндігін талқыламақ.