Қытай Қазақстандағы барлық киік мүйізін сатып алуға дайын

Динара Жарқынбек
Фото: Сәкен Ділдахмет

Қытай Қазақстандағы барлық киік мүйізін сатып алуға дайын. Бұл туралы «Tanba» тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператордың бас директоры Бикеш Құрманғалиева мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Құрманғалиеваның айтуынша, киік популяциясын бақылауда ұстау үшін Қазақстанда шамамен бір миллион бас киік болуы қажет. Ал бүгінде олардың саны бес миллионға жуық. Оның пікірінше, жануарлар ауыл шаруашылығына елеулі зиян келтіріп, жайылымдарды таптап жатыр.

– Атуға халықаралық ұйым тек оны бақылауда ұстай алатынымызды дәлелдегенде ғана рұқсат береді. Яғни киік санының қалпына келуіне қауіп төнбейтінін көрсетуіміз керек. Қараша айында біздің экология министрлігі киік популяциясын бақылау тетігі ретінде таңбалау жобасын қорғауға арналған конференцияға қатысады, – деді ол.

Құрманғалиева сондай-ақ киік мүйізі Қытайда дәрі-дәрмек өндірісінде қолданылатын аса құнды әрі қымбат шикізат екенін атап өтті.

– Бұл – үлкен экспорттық әлеует. Қытай біз өндіре алатын киік мүйізінің барлығын толық көлемде сатып алуға дайын, – деп түйіндеді Бикеш Құрманғалиева.

Киік мүйізін таңбалау заңсыз өндіріс пен өңдеуді, сондай-ақ елден шығарылуын бақылауға мүмкіндік береді. Өйткені мұндай жағдайлар аз емес дейді Еуразиялық экономикалық комиссияның кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу департаментінің директоры Ваагн Казарян. Оның айтуынша, киік мүйізі және оған ұқсас сирек шикізат түрлерітарифтік емес реттеу тізіміне енгізілген және қатаң бақылауда. 

– Бұл тауарлар ерекше бақылауда. Тиісті институттар мен уәкілетті органдар олардың заңсыз өндірілуіне, өңделуіне және елден әкетілуіне жол бермеуі қажет.

СЫЙЛЫҚ

Еске салайық, 17 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға 1,5 мың бас киік сыйға тартты. Себебі Қытай киік популяциясын қалпына келтіруді жоспарлап отыр.