Алика Мұхамадиева ісі: прокурор 4,5 жыл түрме сұрады

Ulysmedia
Коллаж: Ұлысмедиа

Қарағандыда қоғам назарын аударған Алика Мұхамадиева ісі бойынша сот отырысы жалғасуда. Бүгін мемлекеттік айыптаушы айыпталушыға 4,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Прокурордың сөзінше, Мұхамадиева өз кінәсін мойындағанымен, іс қоғамға елеулі әсер еткен. Сондықтан жазаны нақты түрдегі бас бостандығынан айырумен белгілеу қажет деген ұстанымда.

Айыпталушы сотта тағы да жұртшылықтан кешірім сұрап, өкінетінін айтты. Тыңдалым ашық форматта өтіп жатыр, қоғамның назары - сот шешімінде.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, жаз айларында Мұхамадиеваның Threads әлеуметтік желісіндегі жазбалары қоғамда үлкен дау тудырған еді. Пайдаланушылардың шағымынан кейін полиция тексеріс бастап, 2025 жылдың шілдесінде Мұхамадиева қамауға алынған.

Бастапқыда ол кінәсін жартылай мойындап, жазбалары контекстен үзіп алынғанын айтқан. Кейін көпшілік алдында кешірім сұрап, ешкімнің намысына тию ниеті болмағанын мәлімдеген.

Қазан айында іс сотқа жолданып, тыңдалым басталды.