Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин сән-салтанат салығы қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Азамат Әмриннің айтуынша, енді жүйе жеке пәтерлер мен көліктерді емес, мүліктің жиынтық құнын есепке алады.
«30–60 пәтері бар меншік иелері бар. Қазір мүлік салығы әр объектіге жеке есептеледі. Бірақ барлығын қосқанда — жүздеген миллион теңге шығады. Егер жиынтық құны 450 миллион теңгеден асса, жоғары мөлшерлеме қолданылады», — деді вице-министр.
Мысалы, егер адамның әрқайсысы 10 миллион теңге тұратын 80 пәтері болса, олардың жалпы құны 800 миллион теңге болады. Бұл жағдайда салық мөлшерлемесі жалпы соманың 1 пайызына тең — яғни 8 миллион теңге.
«Егер сізде 80 пәтер болса, демек, сіздің қаражатыңыз бар. Сән-салтанат салығы осылай жұмыс істейді», — деп атап өтті ол.
Шекті межесі — 450 миллион теңге. Осы сомадан төмен болса, салық әр объектіге жеке есептеледі. Ал межеден асқан жағдайда — жалпы құнға жоғары мөлшерлеме қолданылады.
КӨЛІК, ҰШАҚ, ЯХТА
Егер көлік құны 75 миллион теңгеден асса, қосымша 10 пайыздық акциз енгізіледі. Бұл талап Қазақстан ішінде жеке тұлғалар арасында сатылған жағдайда да қолданылады — егер көлік 75 миллионнан қымбат болса, сол мөлшерлеме күшіне енеді.
АЛКОГОЛЬ МЕН ТЕМЕКІ
Қымбат алкогольге (мысалы, бір бөтелкесі 1 миллион теңге тұратын) стандартты акцизге қосымша тағы 10 пайыз қосылады — бұл 100 мың теңге артық төлем деген сөз. Элиталық сигараларға да солай: бағаның 10 пайызы плюс стандартты акциз.
«Біз тіркеуге жататын мүліктен бастадық: пәтерлер, көліктер, яхталар. Бұларды бақылауға болады. Ал әшекейлер мен алтын — әзірге жоқ, себебі оларды әкімшілендіру қиын», — деп түсіндірді Әмрин.
ЕСКЕ САЛАЙЫҚ
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін Қазақстанның жаңа Салық кодексі сән-салтанатқа жеке салық енгізбейді, бірақ қымбат мүлік пен тауарларға жоғары салық салуды қарастырады.
Сән-салтанат заттарына тікелей салықтың орнына жоғары акциз жүйесіне көшу ұсынылған. Бұл тәсіл салық жүктемесін әділ бөлуді көздейді. Министрлік өкілдері мұндай әдіс салық салынатын нысандарды нақты анықтауға және адал салық төлеушілерге теріс әсерді болдырмауға мүмкіндік беретінін түсіндірді.