Министрлік Қазақстаннан сиыр етін шығаруға шектеу қоюды ұсынды

Сырым Қаржас
Pixabay.com

Ауыл шаруашылығы министрлігі ел ішіндегі бағаны ұстап тұру мақсатында сиыр етін экспорттауға шектеу енгізуді ұсынды. Тиісті бұйрық жобасы 17 қазанда «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАНДАЙ ШЕКТЕУЛЕР ЕНГІЗІЛЕДІ?

2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін үшінші елдерге де, ЕАЭО мемлекеттеріне де жаңа, салқындатылған және тоңазытылған сиыр етін әкетуге тыйым салу ұсынылып отыр.

ШЕКТЕУ НЕ ҮШІН ЕНГІЗІЛЕДІ?

Министрліктің мәліметінше, бұл шара еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мал шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға және сиыр еті бағасын тұрақтандыруға бағытталған.

– Бұйрық қабылданған жағдайда оның әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдары болмайды, – деп сендірді ведомство өкілдері.

Жоба 22 қазанға дейін көпшілік талқылауына шығарылды.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық өндірушілерді қорғау үшін тауық жұмыртқасын импорттауға бір айлық тыйым енгізген еді.

16 қазанда сауда министрі Арман Шаққалиев барлық өңірге арзандатылған сиыр етін тікелей жеткізу басталғанын хабарлады.

Айта кетейік, қыркүйек айының басында ет бағасының өсуі елдегі кейінгі 14 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жеткен еді.