Жаңа министр Жамбыл облысында жиілеген жанжалды қалай шешпек?

Динара Жарқынбек
Коллаж: Ұлысмедиа

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Жамбыл облысында жиілеп кеткен оқушылар арасындағы жанжалдар мен қайғылы оқиғаларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ 

Министр алдағы айда өңірге іссапармен барып, білім беру мекемелеріндегі тәртіп пен алдын алу шараларын талқыламақ.

– 3 қараша күні Жамбыл облысына іссапарға аттанамын. Бұл сапар барысында сіз айтып отырған мәселелердің барлығы қаралады. Қазір бізде Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің және прокуратураның есептері бар. Сол есептер негізінде өңірдегі мектептерге баруды жоспарлап отырмыз, – деді Сүлейменова.

Оның айтуынша, прокуратура, ішкі істер министрлігі, мәжіліс депутаттары және басқа да мемлекеттік органдардың қатысуымен үйлестіру кеңесі өтеді. Жиында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары пысықталмақ.

– Өкінішке қарай, мұндай құқықбұзушылықтар бұрын да болған. Балалардың бір бөлігі тәуекел тобында болғанымен, жергілікті және орталық органдардың ұсынымдары жүйелі түрде орындалмаған. Сондықтан осындай қайғылы оқиғалар қайталанып отыр, – деді министр.

Сүлейменованың айтуынша, әр мектеп пен білім басқармасына нақты тапсырмалар беріледі, ал олардың орындалуы қатаң бақылауда болады.

КОНТЕКСТ

Еске салсақ, Шу ауданына қарасты Көкқайнар ауылында 10 және 11-сынып оқушылары арасындағы дау соңы қайғылы жағдаймен аяқталды: футбол ойыны кезінде туған жанжал кезінде 10-сынып оқушысы көз жұмды. Бұған дейін, 1 қыркүйек күні Тараз қаласында да жасөспірімдер арасындағы төбелес салдарынан 14 жастағы оқушы қаза тапқан еді. Полицияның мәліметінше, оқиға оқу уақытымен байланысты болмаған, тұрмыстық себептен туындаған.