Қазақстанда жасанды бейне мен дауыс арқылы таралатын жалған ақпарат үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев палата отырысында мәлімдеді. Жиында «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Әшімбаевтың айтуынша, соңғы уақытта жаңа технологиялар көмегімен жасалатын жалған қоңыраулар мен бейнежазбалар көбейген. Алайда мәселе тек телефон арқылы жасалатын алаяқтықпен шектелмейді.
- Біз әлеуметтік желілерде түрлі тұлғалардың атынан жасалған жалған видеолар мен пікірлерді жиі көреміз. Мұндай жазбаларда болмаған оқиғаларға қатысты жалған қолдау білдіріледі немесе бұрмаланған көзқарас тарайды. Бұл тек қоңыраулар мәселесі емес, ауқымды проблема, – деді сенат спикері.
Ол технология дамыған сайын жалған ақпарат пен манипуляция көлемі арта түсетінін атап өтті.
- Мәселе жасанды интеллектінің өзінде емес, оны қолданатын адамдарда. Сондықтан жауапкершілік те сол адамдарға жүктелуі тиіс, – деді Әшімбаев.
Спикердің сөзінше, мұндай әрекеттерді қазіргі қылмыстық кодекстегі алаяқтық, қорқытып алу немесе заңсыз қаражат жинау баптары шеңберінде қарастыруға болады. Бұл мәселе терең құқықтық талдауды қажет етеді.
Оның айтуынша, «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданғаннан кейін келесі кезеңде осындай құқық бұзушылықтар үшін нақты қылмыстық жауапкершілік шаралары енгізілуі мүмкін.