Санкция астындағы ВТБ: ұлттық банк мәлімдеме жасады

Динара Жарқынбек
Ulysmedia.kz коллажы

Еуропалық одақ енгізген 19-блок санкциялар тізіміне іліккен Қазақстандағы VTB банкінің клиенттері қиындыққа тап болған жағдайда мемлекет көмек көрсетуге дайын. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ерұлан Жамаубаев Сенат кулуарында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Оның сөзінше, ВТБ банкі бұрыннан белгілі бір шектеулермен жұмыс істеп келген, сондықтан жаңа санкциялар елдің қаржы жүйесіне елеулі әсер етпейді.

- Қаржы жүйесі тұрақты жұмыс істеп тұр, сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ, – деді ол.

Ұлттық банк мамандары қазір банктің клиенттік базасын зерттеп, енгізілген шектеулер олардың қаржылық операцияларына қалай ықпал етуі мүмкін екенін бағалап жатыр. Жамаубаев атап өткендей, клиенттердің қаражаты мен салымдары қорғалған, ал депозиттерге кепілдік беру жүйесі кез келген банкте туындауы ықтимал қиындықтар кезінде салымшылардың мүддесін қорғайды.

- Банк клиенттері зардап шекпеуі керек. Егер төлем немесе аударым жасауда қиындықтар туындаса, тиісті көмек көрсетеміз, – деді Жамаубаев. 

Сонымен қатар, Ерұлан Жамаубаев ВТБ карталарының жұмысын да назарда ұстайтындарын айтып, Ұлттық банк төлем жүйелерінің үздіксіз қызметін қамтамасыз ету үшін барлық тәуекелдерді тұрақты бақылап отырғанын жеткізді.

- Қажет болған жағдайда қосымша шаралар қабылданады. Басты міндетіміз – клиенттер мен бизнестің мүддесін қорғау, – деді Жамаубаев.

Оның айтуынша, санкциялық қысым тақырыбы бүгін ғана емес, үш жыл бұрын да көтерілген. Сол уақыттан бері банк секторы мен экономикалық субъектілер мемлекет тарапынан тұрақты бақылауда, бұл өз кезегінде екінші реттік санкциялар қаупін азайтуға мүмкіндік береді.