Өзбекстанда пранк жасаған қазақстандық блогерге іс қозғалды

Сырым Қаржас
Видео кадры

Өзбекстанда пранк жасаған қазақстандық блогер Аружан Айбековаға қатысты іс қозғалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Полиция қызметкерлері қоғамдық орында әдепсіз әрекеттер жасап, оны әлеуметтік желілерде таратқан қазақстандық блогерге қатысты тексеру жүргізді.

Аружан Өзбекстан метросында өз іс-әрекетін бейнежазбаға түсіріп, жолаушыларға әдейі тиіскен және сол жазбаны жеке парақшаларында жариялаған. Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін оған қатысты әкімшілік іс қозғалды. Іс шешім шығару үшін сотқа жіберілді.

- Мұндай қылықтар қоғамдық моральға құрметсіздік танытады және іс-әрекеттің белгіленген нормаларын бұзады. Полиция, қоғамдық орындардағы әдепсіз, арандатушылық немесе адамның ар-намысын қорлайтын кез келген іс-әрекетке жол берілмейтінін және заң аясында жауапкершілік қарастырылатынын еске салады, делінген хабарламада. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Блогер бұған дейін де Қытайда осындай әрекеттерге жол берген, сол кезде онымен профилактикалық әңгіме жүргізілген болатын. Алайда, ол тиісті қорытынды шығармағаны байқалады.

МИНИСТРЛІК ЕСКЕРТУІ

Еске салайық, бұған дейін ІІМ пранк жасайтын блогерлер қылмыстық жазаға тартылатынын ескерткен болатын. Заман тілімен айтқанда "пранк жасайтын" блогерлер әкімшілік жазамен қатар, қылмыстық жауапкершілікке де тартылады.